«Әкімдік ғимаратында бомба бар»: Екібастұз тұрғыны сотталды
Ер адам бұған дейін терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін жауапқа тартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz ақпараттық-медиа порталының мәліметінше, ол бірінші қылмысын 2019 жылдың мамыр айында жасаған. Сол кезде оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Бірақ қала тұрғыны пробация қызметінің есебінде тұрып, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзған. Сондықтан сот бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Екібастұз тұрғыны 1 жыл 26 күнді, яғни өзінің өтелмеген мерзімін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өткізді. Дегенмен ол бостандыққа шыққаннан кейін тағы да осындай қылмыс жасаған. Өткен жылдың желтоқсан айында полицияға қоңырау шалып, «әкімдік ғимаратында бомба бар» деп хабарлады.
– Мамандар ғимараттан жарылғыш зат таппады. Қажетті іс-шаралар кешенін өткізу нәтижесінде «жалған террорист» ұсталды. Ер адам өз әрекетін мойындап, туыстарымен жанжалдасып қалғаннан кейін осындай қадамға барғанын айтты, – деді облыстың полиция департаментінде.
«Телефон» қылмыскерінің ісі қалалық сотта қаралып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сотталған адам мемлекеттік органдарға 200 мың теңгеден астам сомадағы материалдық залалды және сот шығындарын төлеуі тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, ҚК-нің 273-бабы бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы көзделген.