«Вандализмге жол жоқ»: Баянауыл жастары жартастардағы жазуларды өшірді
Еріктілер Жасыбай аумағын қоқыстан тазалап, табиғи нысандарды ретке келтірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл жастары «Вандализмге жол жоқ» акциясы аясында Жасыбай демалыс аймағы мен «Ұлу тас» маңын тазалап, жартастарға жазылған жазуларды өшірді. Оған 40-тан астам ерікті қатысты.
Белсенділер алдымен табиғи аумақтағы күл-қоқысты жинап, кейін тастарға бояумен жазылған есімдер мен түрлі жазуларды кетіруге кірісті. Олардың айтуынша, туристер мен демалушылардың тас бетіне өз есімін, туған жерін жазып кетуі жиі кездеседі.
Баянауыл жастар орталығының басшысы Ренат Ілденнің айтуынша, негізгі мақсат – Баянауылдың көркем табиғатын бастапқы қалпында сақтау.
– Жартастардағы жазуларды өшіру оңай болған жоқ. Дегенмен, шамамыз келгенше жұмыс істедік. Әрбір келген қонақ табиғатты ластамай, мәдениетті демалуы керек деп ойлаймыз, – деді ол.
Акция барысында әр ерікті шамамен бір қап қоқыс жинады. Бұдан бөлек, жастар әлеуметтік желілерде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бейнероликтер жариялап, вандализм мәселесіне қоғам назарын аударуды жалғастырып келеді.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы табиғи нысандарға қатысты заң бұзушылықтар байқалған жағдайда тұрғындар мен туристер құзырлы органдарға хабарлай алады.
Қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына жастардан бөлек, мектеп оқушылары, аудан ардагерлері және Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдері де тұрақты түрде атсалысады. «Таза жағажай», «Менің аулам», «Мөлдір бұлақ» секілді экологиялық акциялар да өткізіліп келеді.
Алдағы демалыс күндері жастар Сабынды көлінің жағалауын тазалауды жоспарлап отыр