Павлодарда ерлік жасаған жаттықтырушыға ескерткіш ашылды
Ол небары 35 жаста еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда белгілі жаттықтырушы, балалар футболының дамуына зор үлес қосқан Әлібек Жүсіповке арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды. Еске алу шарасы Жаяу Мұса көшесі, 7 мекенжайында өтті.
Іс-шараға марқұмның ата-анасы, туыстары, әріптестері, шәкірттері мен қала тұрғындары қатысты. Әлібектің әкесі, ішкі істер органдарының ардагері Жаңаберді Жүсіпов жиналғандарға алғыс білдіріп, ұлының өмір жолы туралы естеліктерімен бөлісті.

Оның айтуынша, Әлібек бала кезінен футболға ерекше қызығушылық танытқан. Бес жасынан бастап стадионға барып, жеті жасында футбол секциясына қабылданған. Кейін Павлодар қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тәрбиеленіп, кәсіби футболдағы жолын «Ертіс» және «Қайрат» клубтарында жалғастырған. Ол Қазақстан жасөспірімдер құрамаларында өнер көрсетіп, халықаралық және республикалық турнирлерде жүлделі орындарға ие болған.
Алайда алған жарақатына байланысты ойыншы ретіндегі мансабын толық жүзеге асыра алмаған Әлібек өзін жаттықтырушылық қызметке арнады. Ол «Ертіс» ОРМБЖСМ, «Ақсу», «Ертіс» футбол орталықтары және жеке меншік «Athletic» клубында жұмыс істеп, көптеген жас футболшыларды тәрбиеледі. 2023 жылы Қазақстан футбол федерациясынан UEFA сертификатын алып, халықаралық деңгейдегі жаттықтырушы мәртебесін растады.
2025 жылы әріптесімен бірге «Athletic» балалар футбол клубын ашып, қысқа уақыт ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Оның шәкірттері өңірлік, республикалық және халықаралық турнирлерде жүлделі орындар иеленді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Ахмеджанов Әлібектің кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтті.
- Ол дарынды спортшы әрі білікті жаттықтырушы болды. Балалар оны жақсы көрді. Ол өз тәрбиеленушісін құтқарамын деп, өмірін құрбан етті. Мұндай ерлік ешқашан ұмытылмайды, – деді ол.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 18 сәуірде «Астана – Ерейментау – Шідерті» автожолында орын алды. Команда Астана қаласына жарысқа бара жатқан. Жол-көлік оқиғасы кезінде Әлібек жанында отырған шәкіртін өз денесімен жауып, оны ажалдан арашалап қалды. Өкінішке қарай, ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Жаттықтырушының шәкірттерінің бірінің анасы Татьяна Григорьева оның әр балаға жанашырлықпен қарайтынын айтты.
- Ол әрқашан көмектесіп, бағыт-бағдар беретін. Сол күні менің ұлымның жанында болды. Біз оған өмір бойы алғыс айтамыз, – деді ол.
Ал «Ертіс» футбол клубының спорттық директоры, бұрынғы танымал футболшы Руслан Есімов Әлібекпен көп жылдан бері таныс болғанын атап өтті. Олар жасөспірімдер және ересектер деңгейінде бірге ойнап, алаң сыртында да жақын достар болған.
Сондай-ақ, әріптестері оның құрметіне алғашқы мемориалдық турнир өткізіп, бұл жарыс жыл сайын ұйымдастырылатынын мәлімдеді.
Әлібек Жүсіповтің есімі енді ерлік пен адамгершіліктің символы ретінде ел жадында мәңгі сақталады.