Зертхана, домбыра, дебат: Павлодардағы «Келешек мектептің» мүмкіндіктері қандай?
№47 жалпы орта білім беру мектебі «Келешек мектеп – инновация мен білімнің орталығы» жобасы аясында заманауи білім беру кеңістігіне айналып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім ордасында оқушылардың зияткерлік, шығармашылық, ғылыми және ұлттық құндылықтарға негізделген дамуына бағытталған түрлі үйірмелер мен клубтар ұйымдастырылған.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, мектепте жаратылыстану-ғылыми бағыттағы сабақтар тәжірибеге негізделген форматта өткізіледі. Атап айтқанда, бастауыш сынып оқушылары үшін Smart Math бағыты бойынша цифрлы математика сабақтары енгізілген. Интерактивті панельдер арқылы өтетін сабақтар жедел кері байланыс орнатуға, ойын элементтері арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мектепте «Жас химиктер зертханасы» және «Жас физиктер лабораториясы» жұмыс істейді. Бұл үйірмелер аясында оқушылар зертханалық құрал-жабдықтарды пайдаланып, тәжірибелер жүргізеді, өлшеу жұмыстарын орындайды және алынған нәтижелерді талдайды.

– Практикалық бағыттағы сабақтар оқушылардың ғылыми ойлауын қалыптастырып, табиғи құбылыстар мен заңдылықтарды терең түсінуіне жағдай жасайды, – деп атап өтті білім басқармасында.
Шығармашылық және қолданбалы дағдыларды дамыту мақсатында мектепте бірқатар шеберханалар ашылған. Соның бірі – «Ас үй шебері» тамақ жасау шеберханасы.
– Тәтті дүниелер әлемінде: кондитерлік шеберлікке саяхат» бағыты бойынша оқушылар тәтті тағамдар дайындап, өнімді безендірудің түрлі тәсілдерін меңгереді. Бұл сабақтар балалардың эстетикалық талғамын, қол моторикасын және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған, – деді басқармада.
Ұлттық мәдениетке баулуға арналған «Алтын оймақ» қолөнер үйірмесінде қазақтың дәстүрлі тігіс түрлері мен ою-өрнектері үйретіледі. Оқушылар ине-жіп, мата түрлерімен жұмыс істеп, қошқар мүйіз, түйе табан сынды ұлттық оюлардың мағынасын зерттейді. Үйірме барысында оқушылар қол еңбегін ғылыми тұрғыда жоспарлау, орындау және бағалау дағдыларын қалыптастырады.

Сонымен бірге «Шеберлер» үйірмесінде string-art өнері дамытылуда. Мұнда оқушылар жіп пен шеге арқылы композиция жасап, ұлттық ою-өрнектерді заманауи өнермен үйлестіреді. Ал «Нәзік» би тобы қазақтың дәстүрлі би қимылдарын заманауи стильде сахналайды. Қойылымдарда ұлттық және қазіргі заманғы костюм элементтері қатар қолданылады.
Мектепте спорттық және ұлттық ойындарға да ерекше көңіл бөлінген. «Волейбол» үйірмесінде оқушылар ойынның негізгі техникаларын меңгерсе, «АсықTime» ұлттық ойынында мергендік пен ептілікті дамытады. Сонымен қатар «Домбыра-дастан» ұлттық оркестрінде балалар домбыра тарту, ансамбльде орындау және қазақ күйлерінің құрылымын үйренеді. «Сырлы саз» вокал үйірмесі қазақтың дәстүрлі ән айту өнерін меңгеруге бағытталған.

– Интеллектуалдық даму бағытында дебат клубы жұмыс істейді. Онда оқушылар «Жасанды интеллект адамзат үшін қауіп пе, әлде мүмкіндік пе?» тақырыбында пікірталас өткізеді. «Дебат клубы оқушылардың сыни ойлауын, ғылыми дәлелдеу қабілетін және коммуникациялық дағдыларын дамытуға ықпал етеді, – деді білім басқармасында.
Бұдан бөлек, «Ұрпаққа өнеге» клубы аясында аға буын өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтар мен өмірлік тәжірибе насихатталады. Ал «Бір кітап – бір әлем» жобасы 2-11-сынып оқушыларының кітап оқуға қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Павлодар облысының білім басқармасының мәліметінше, №47 мектептегі үйірмелер жүйесі оқушылардың тұлғалық дамуын қамтамасыз етіп, инновация мен ұлттық тәрбиені ұштастыруға мүмкіндік береді.