«Жүректен туған»: Павлодарда патронаттық отбасылардың фестивалі өтті

«Жүректен туған»: Павлодарда патронаттық отбасылардың фестивалі өтті
Фото: «Ана үйі» ҚҚ

Іс-шараға 15 отбасы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталмыш жиын «Ана үйі» ҚҚ бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттігінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Фестиваль іс-шара географиясында алғаш рет Павлодар ауданынан бастау алды. Оған қамқоршылар, асырап алушылар және патронат тәрбиешілерінен тұратын алмастырушы отбасылар шақырылды. 18 қатысушы «Менің отбасымның тарихы» және «Super mama» номинацияларының бірін таңдап, бейнероликтер мен презентациялар ұсынды. 

– Қазіргі таңда балаларды қабылдау формаларына қарамастан, асырап алушы отбасылардың мәртебесін көтеру, сондай-ақ қоғамда бала асырап алу мәдениетін насихаттау міндеті тұр, – деп атап өтті құттықтау сөзінде атқарушы директор Ажарқұл Кылышбаева.

Сондай-ақ, іс-шараны ұйымдастыруға «Қазақстанның әйелдер күштерінің альянсының»  төрағасы Раушан Даумова мен оның орынбасары Елена Яровенко көмек көрсетті. Олар Елбасының «Жетімсіз Қазақстан» идеясын қолдайды. Бұдан бөлек,  елдегі жетімдікті жою мен алдын алуға өз үлестерін қосады. 

– Фестиваль шын жүректен, тату-тәтті, игілікті өтті. Біз тәжірибе алмастық, өгей ата - аналарды толғандыратын сұрақтар мен мәселелерді талқыладық. Кейін жұмыс істеу қадамдарын белгіледік, –  деп атап өтті Раушан Даумова.

Фестиваль соңында қатысушылар мерекелік дастархан басында марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды. 

– Бұл мерекелік іс-шараны көптен күттік. Мерекелер әрқашан есте қалады. Басқа аналармен сөйлескеніме қуаныштымын. 8 наурыз қарсаңында демалдық, – деді асырап алған аналардың бірі Зура Жүсіпбаева.

Айта кетейік, қатысушылардың балалары үшін жеке дастарқан жайылып, аниматорлармен бағдарлама ұсынылды.