Жәннат Дүбірова: Павлодарлық ІТ-хабтың білім беру форматына таң қалдым

Жәннат Дүбірова: Павлодарлық ІТ-хабтың білім беру форматына таң қалдым

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі жастар бастамаларын дамыту орталығында  кездесу өткізді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жәннат Дүбірова өңірге жұмыс сапары барысында ақпараттық технологиялар колледжі жанында құрылған облыстың ІТ қауымдастығының  жұмысымен танысты. 

– Ол жерде студенттерге білім беру форматына өте қатты таң қалдым. Мен ІТ маманымын. Сондықтан бұл технологиялар өте жақын. Көптеген студенттердің сол жерде практикадан өте алатындығы өте керемет. Колледж бітіргеннен кейін ІТ университетінде білім алдым.  Бірінші курстан бастап компанияда жұмыс істедім. Нақты тәжірибелік кейстерді сол жерде жүзеге асырдым. Сол алған білім маған әлі күнге дейін көмектеседі. Кез келген ұйымға келгенде  қолдана аламын, – деді ол. 

Вице-министр жастарға жастық шақты білім алуға арнауға және еліміздегі көптеген әлеуметтік мүмкіндіктерді пайдалануға кеңес берді. Сондай-ақ бұл қызметке Президенттік жастар кадр резервінің нәтижесінде осы қызметке келгенін атап өтті. 

Мен өзім шағын қаладан шыққанмын және сол әлеуметтік мүмкіндіктерді пайдаландым. Бұған дейін бизнес, жеке меншік құрылымдарда жұмыс істедім, алайда мемлекеттік қызметте адамдар қолданатын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға болатыны ұнады. Оның бірі –  iKomek және Павлодарда да енгізілген. Алғаш рет Астана қаласында жүзеге асырылған. Бұл – әкімдіктің бірыңғай байланыс орталығы. Америкалық құтқару қызметі 911 311 тәжрибесі бойынша енгізілген, – деді Жәннат Дүбірова.

Еске сала кетейік, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келіп,  өңір жұртшылығымен жүздесті. Кездесу барысында эколог пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері облыстың экологиялық мәселелерін көтеріп, маңызды сұрақтар қойды.