Жаңғыртудан кейін Павлодар кітапханасы қалай жұмыс істеп жатыр

Жаңғыртудан кейін Павлодар кітапханасы қалай жұмыс істеп жатыр
Фото: Валерий Бугаев

Мұндағы жаңашылдықтар аз емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі басшысының орынбасары Елдос Төлеубаевтың айтуынша, бұрынғы кітапхана мен жаңартылған кітапхананың айырмашылығы – жер мен көктей.

Кітапханадағы басты жаңашылдықтардың бірі – өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы.

– Кітапханадағы өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы – оқырмандарға кітапты өз бетінше алып, қайтаруға, сондай-ақ қажетті ақпаратты жылдам табуға мүмкіндік беретін заманауи электронды технология. Бұл жүйе уақытты үнемдеп, кітапханаға келуді барынша ыңғайлы әрі қолайлы етеді, – дейді Елдос Төлеубаев.

«Кішкентай кітапхана» деп аталатын бұл терминал – кітапханашының көмегінсіз-ақ кітап алуға және тапсыруға мүмкіндік беретін шағын әрі заманауи электронды жүйе.

Қазіргі таңда қалалық кітапханада шамамен тоғыз мың тұрақты оқырман бар. Сонымен қатар екі мыңға жуық виртуалды оқырман тіркелген.

Кітапхана төрт бөлімнен тұрады: абонемент, оқу залы, конференц-зал және балалар бөлімі. Абонемент бөлімінде кітаптар 10 күнге үйге беріледі. Мұнда балалар әдебиеті, көркем проза, романдар, детективтер, фантастика және басқа да жанрлар ұсынылған. Сондай-ақ қор сақтау бөлімі бар, онда салалар бойынша жүйеленген, қазақ, орыс және шетел тілдеріндегі кітаптар жинақталған.

Кітапханада кішкентай оқырмандарға ерекше көңіл бөлінген. Егер бала кітапханаға түскі үзіліс кезінде келсе, тамақтануға арналған арнайы аймақ қарастырылған. Балалар өздерімен бірге әкелген тағамын жылыта алады.

Олжас Сүлейменов атындағы залда кеңістік тыныш және шулы аймақтарға бөлінген. Шулы аймақ шығармашылық және топтық жұмыстарға арналса, тыныш аймақ – зейін қойып оқу мен сабаққа дайындалуға қолайлы.

Мамандардың айтуынша, басты мақсат – кітапханалардың мазмұндық әлеуетін барынша ашу, балалар мен жастарды белсенді түрде тарту. Жаңартылған кітапхана бүгінде тек оқу орны ғана емес, рухани, білім беру, мәдени және шығармашылық орталыққа айналған. Сонымен қатар бұл кеңістік қала тұрғындары үшін тартымды алаң болып, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға, шығармашылықпен айналысуға, жеке немесе топпен жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр.

Кітапханада тек оқырмандарды ғана емес, кітаптардың өзін де назардан тыс қалдырмаған.

– Қор сақтау бөлімі де толықтай жаңғыртылды. Мұнда қазіргі талаптарға сай жаңа сөрелер орнатылды. Бұл кітап қорын тиімді орналастыруға және сақтауға мүмкіндік береді. Жаңа сөрелер кітаптардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оқырмандарға қажетті әдебиетті оңай табуға жағдай жасайды, – деді Елдос Төлеубаев.

Кең, жарық әрі жүйелі ұйымдастырылған қор сақтау аймағы кітаптардың сақталу мерзімін ұзартып, қызмет көрсету сапасын арттыруға және ішкі кеңістіктің эстетикалық көрінісін жақсартуға ықпал етеді. Заманауи дизайн мен функционалдылық үйлесім тауып, бұл бөлім кітапхананың маңызды инфрақұрылымдық бөлігіне айналған. Қорды сақтау үшін әрқайсысы екі мың кітапқа дейін сыйымдылығы бар 12 жылжымалы сөре орнатылған.

Еске салайық, Павлодар қаласындағы бірқатар кітапханаларды жаңғыртуға бюджеттен тыс демеушілік қаражат есебінен 446 миллион теңгеден астам қаржы бағытталған.

Бүгінде бұл кітапхана – кітаптар екінші өмірге ие болған, ал оқырмандар жаңа көкжиектерге жол ашқан ерекше кеңістікке айналды.