Павлодардағы ардагерлерден құралған халықтық хор ұжымының өнері жоғары бағаланды

Павлодардағы ардагерлерден құралған халықтық хор ұжымының өнері жоғары бағаланды
Фото: Естай атындағы қалалық мәдениет сарайынан

Олар қашықтықтан ұйымдастырылған халықаралық сайыста үздік атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының жанынан құрылған «Ертіс-Баян әуендері» халықтық ардагерлер вокалдық ансамблі жуырда ASTANACHOIRCOMPETITION халықаралық хор ұжымдары мен вокалдық ансамбльдер байқауында бақ сынады. Бұл шараға әлемнің түкпір-түкпірінен келген вокалдық хор ұжымдары мен вокалдық ансамбльдер арнайы қатысты. Шарада елімізден бөлек, Латвия, Литва, Эстония өнерпаздарының шығармалық нөмерлері қаралды. Онда сайыскерлер орындаған шығармаларын алдын ала видеоға түсіріп, жолдаған. Қазылар орындаушылық шеберлігін, үйлесімділігін, техникалық дайындығын және сахналық артистизміне баға берген.

Халықаралық онлайн-байқауға қатысқан жерлестеріміз өз бақтарын екі аталым бойынша сынап көрген. Яғни өнерпаздар «Хор ұжымы» және «Вокалдық ансамбль» (әуесқой ұжымдар санаты) ретінде қатысып, нәтижесінде  ансамбль I орынға ие болды. Сонымен қатар, ұжым жетекшісі  Тұрлыбек Армиянов халықаралық байқау аясында біліктілікті арттыру курстарынан өткенін растайтын сертификатпен марапатталды.

- Бұл жетістік - кәсіби шеберліктің, хор өнеріне деген шынайы сүйіспеншіліктің және табанды шығармашылық еңбектің айқын нәтижесі. Ардагерлер мен музыка әуесқойларын біріктірген бірегей шығармашылық ұжым өз өнерін айналасына үлкен ықыласпен шабыт арқылы жеткізіп келеді. 2016 жылы Естай атындағы Мәдениет сарайы жанынан құрылған «Ертіс-Баян әуендері» ұжымы Павлодар қаласының мәдени өміріндегі жарқын әрі маңызды буынға айналды, - дейді мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Қамат Әбдернасирова. 

Өнер ұжымына 2024 жылы «Халықтық» атағы берілген. Ұжым құрамында 62 жастан 78 жасқа дейінгі шамамен 20 талантты орындаушы бар. Олардың қатарында инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, жүргізушілер, мұнайшылар және жұмысшы мамандықтарының өкілдері бар. 

«Ертіс-Баян әуендері» ұжымы алдағы уақытта репертуарын жаңа шығармалармен кеңейтуді, мүшелердің вокалдық шеберлігін жетілдіруді және өңірлік, ұлттық және халықаралық байқауларға қатысуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ үздік орындаулардың студиялық жазбаларын жасап, басқа ұжымдармен тәжірибе алмасуды, шеберлік сабақтары мен бірлескен концерттер ұйымдастыруды көздейді.