Жаңа туған сәбиді Екібастұздан Павлодарға тікұшақпен жеткізді
Санитарлық рейс кезінде нәрестенің жағдайын дәрігерлер бақылауда ұстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, «Қазавиақұтқару» ұшқыштары жаңа туған нәрестені Екібастұздан Павлодардағы медициналық мекемеге жеткізу үшін санитарлық рейс орындады.
Ұшу барысында сәбидің жағдайын санитарлық авиация дәрігерлері тұрақты бақылауда ұстап, қажетті медициналық көмек көрсетті.
– Рейс сәтті аяқталып, нәресте облыс орталығындағы медициналық мекемеге жеткізілді, – делінген хабарламада.
Ведомство санитарлық авиация рейстері шұғыл медициналық көмек көрсетуге, әсіресе шалғай елді мекендердегі науқастарды қажетті медициналық ұйымдарға жедел жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
ТЖМ авиациясы адамдарды құтқару және шұғыл көмек көрсету міндеттерін тәулік бойы орындауға дайын.