Жаңа жыл мерекесінде Мырзашоқы тау базасы келушілер үшін ашық
Баянауыл ауданындағы тау шаңғы базасы демалушыларды қабылдауды жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қардың аз болуына байланысты Баянауыл ауданында орналасқан Мырзашоқы тау шаңғы базасында қазіргі уақытта тек аспалы жол қызмет көрсетіп тұр. Соған қарамастан, демалыс аймағы келушілер үшін ашық.
Тау шаңғы базасы 30-31 желтоқсан, сондай-ақ 1-4 қаңтар күндері жұмыс істейді. Демалушыларға бірқатар белсенді және тынығу қызметтері ұсынылады. Атап айтқанда, қарда жүретін мотоциклмен серуендеу, квадроцикл жалға алу, атпен серуендеу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, база аумағындағы кафе келушілерге қызмет көрсетуде.
Ұйымдастырушылар табиғат аясында таза ауа жұтып, қысқы демалысты көңілді әрі пайдалы өткізгісі келетін тұрғындар мен қонақтарды Мырзашоқы тау шаңғы базасына шақырады.