Жалаулы ауылында су басу тәуекелдерін жоятын үш қазаншұңқыр қазылды
Малдардың түсіп кетпеуі үшін қосымша бөгет пен қоршаулар жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байханов Ақтоғай ауданына барған жұмыс сапары барысында Жалаулы ауылына кіріп шықты. Биыл орын алған су тасқынын болашақта болдырмау мақсатында үш қазаншұңқыр қазылды. «MGS STORY GROUP» ЖШС мердігерлік ұйымы жұмыстармен мамыр айынан тамызға дейін айналысты. Енді көлемі 60 мың текше метрлік үш шұңқыр 200 мың текше метр еріген қар суды жинай алады. Екі траншея қазылды.
– Қосымша бөгет ретінде топырақты үйдік. Бұл қарғын судан қосымша қорғауға көмек етеді. Геодезиспен тексеріп, ең төмен нүктелерді анықтаған болатынбыз. Ал 50 метр қашықтықта су ағызылады,– деді бас инженер Дмитрий Калмыков.
Осылайша, су басудың жаңа тәуекелдері жойылады. Адамдар мен малдың қауіпсіздігі үшін жасанды су қоймасының айналасына қоршаулар орнатылды.
Ал үйлерді су басып кеткен ауыл тұрғындары маусымның аяғында баспаналы болды. Жалаулы ауылының шетінде тұратын Қарлығаш Дайырбекова үйлерді салғаны үшін әкімдікке алғысын күні бүгінге дейін білдіруде. Әйел үш баласын тәрбиелеп отыр.
– Құдайға шүкір рахмет дейміз. Үйде жақсы тұрып жатырмыз. Тоңазытқыш, кір жуғыш машина, тамақ жасайтын пеш берілді,– деді ауыл тұрғыны. – Үш балам бар, екеуі – студент, қалада оқиды. Үйіміз шет жақта тұрғандықтан, жертөлені су басатын. Енді мына бес үйді ең биік жерден салып берді. Бұл үйлер енді суға тағы кетеді деп ойламаймын.
Еске сала кетейік, наурыздың аяғында қардың жылдам еруі мен жауын-шашынның, сондай-ақ, қатты желдің салдарынан дала аймағынан ауылға еріген қар суы ағып, нәтижесінде ойпаң жерде орналасқан 14 тұрғын үй су астында қалған болатын. Осыған байланысты ауылда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Су тасқыны кезінде үйлері зардап шеккен барлық ауыл тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетілді. Бұл үш субұрғыш шұңқырды, арықтарды тез қазып, бөгет салуға мүмкіндік берді. 14 үйдің тоғызы жөндеу және қалпына келтіру үшін ақшалай өтемақы алса, бесеуі қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Олардың орнына жаңа үйлер салынып, бес отбасы баспаналы болды.