Павлодарлық «RUH» этно-микс тобы Астанада ортекені билетті

Павлодарлық «RUH» этно-микс тобы Астанада ортекені билетті
Фото: Мади Төлеев

Өнерпаздар халықаралық шарада өнер көрсетіп, астаналық көрермендерді жаңа шығармамен қуантты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.  

Биылғы жылдың 11-16 тамызы аралығында Астанада Азияның 45 елінен 200-ден астам делегаттың қатысуымен Азия Паралимпиадалық комитетінің Бас ассамблеясы өтуде. Маңызды жиын аясында ұйымдастырылған мәдени бағдарламада қазақстандық өнер ұжымдары да сахнаға шықты.

Заманауи ырғақ пен ұлттық әуенді шебер үйлестірген павлодарлық «RUH» тобы көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Мади Төлеев бұл шығарманың ерекшелігін атап өтті:

– Режиссер Алтынбек Рахметовтың арнайы шақыруымен марапаттау рәсімінде өнер көрсеттік. Осы концертке жаңа «Шат Орте» шығармасын әзірледік. Онда ортеке биін жетіген және домбыра үнімен үйлестіруді мақсат еттік. Бұл біз үшін шығармашылық тұрғыда күрделі болды, бірақ нәтижесі көңілден шықты, – деді ол.

Мади Төлеевтің айтуынша, ұжымда бес музыкант бар. Концертте Құрманғали Ануар ортекені шебер орындаса, Жансая Қабышева алғаш рет жетігенде екі ортекені қатар сүйемелдеді. Өзі домбырада ойнап, топтың жетекшісі ретінде өнер көрсетті.

Бұл – «RUH» тобының Астанадағы үшінші үлкен сахналық жобасы. Бұған дейін олар Халықаралық көшпенділер ойындарында және Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойына арналған республикалық фестивальде өнер көрсеткен.