Павлодарда биылғы жылы жиырмаға жуық көшені жөндеу жоспарлануда
Мемлекет басшысының бастамасымен республикада жол және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімінің орынбасары Ануарбек Аманов өзінің Instagram-парақшасында мәлімдегендей, 2024 жылы облыс әкімінің қолдауымен қаламызда 15 магистральді көшеде жол жабындысын жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Жөнделген учаскелердің жалпы ұзындығы 33,4 шақырымды құрады. Бұдан бөлек, 22 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды.
– Жол және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі Павлодар қаласы әкімдігінің жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Бұл игі өзгерістер іскерлік белсенділікті арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Павлодардың өмір сүруге қолайлы қала ретіндегі мәртебесін нығайтады, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Ануарбек Амановтың айтуынша, 2025 жылы Павлодарда ұзындығы 43,1 шақырым болатын 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда, оның ішінде 4 көшені қалпына келтіру өткен жылдан басталған болатын. Бұл шаралар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай жасауға ықпал етеді.