«Жақсылық жаса»: Павлодарда егде жастағыларға арналған игі істер айлары басталды

«Жақсылық жаса»: Павлодарда егде жастағыларға арналған игі істер айлары басталды
Константин Шелковтың иллюстративті фотосы

Екі ай ішінде түрлі сауықтыру іс-шаралары өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Аталған жоба «Жан жылуы» бағыты бойынша «Белсенді шаһар» шағын гранты аясында жүзеге асырылуда. Ұйымдастырушы – «Қызыл жарты ай» қоғамының өңірлік филиалы. Жобаға «Павлодар студенттік құрылыс және жастар отрядтарының штабы, «Жасыл ел» қоғамдық қоры және шаһардың ішкі саясат бөлімі қолдау көрсетті.

Жобаның негізгі мақсаты – аға буын өкілдерінің физикалық және психологиялық саулығын нығайтып, белсенді әрі шығармашылыққа толы өмір сүрулеріне жағдай жасау.

– Іс-шара барысында алғашқы көмек бойынша шеберлік сағаттары, шығармашылық кештер, ойындар, құттықтау хаттар акциясы, психологпен денсаулық сағаттары, шахмат пен дойбы жарыстары, емдік-сауықтыру кештері өтеді, – деді «Қызыл жарты ай» қоғамы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жақсылық жаса» жобасы – облыстың әлеуметтік бірлік пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі. Алдағы екі айда аталған іс-шаралар қаланың қарт тұрғындарына жылу сыйлап, белсенді өмір салтын жалғастыруға серпін бермек.