Железин ауданында аралардың ұшуына шектеу қойылады
Шегірткеге қарсы өндеу шаралары он бес күнге созылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Железин ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметінше, 2024 жылғы 10-25 маусым аралығында ауылдық округтердің аумағында 7 022 га алаңда уыттылығы жоғары улы химикаттарды қолдана отырып, шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі.
– Осыған байланысты мал жаюды шектеу және ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерін өңделетін жерлерге айдауға тыйым салу туралы хабарлаймыз, – дейді бөлімде.
Сондай-ақ омарталарды қауіпсіз қашықтыққа (шекаралық-қорғау аймағы кемінде 4-5 км) көшіру және өңдегеннен кейін 96-120 сағат ішінде аралардың ұшуын шектеу жайында ескертіледі.
Егістіктер мен өңдеу алаңдары туралы ақпаратты фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Железин ауданы филиалынан 2-15-79 телефон нөмірлері бойынша білуге болады.