Железин ауданында еріктілердің еңбегі еленді

Железин ауданында еріктілердің еңбегі еленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауданда әлеуметтік жобалар байқауының қорытындысы шығарылып, белсенді еріктілер жасақтары марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шабыт» шығармашылық және жастар орталығында «Волонтерлік – мейірімділік пен бірлік жолы» атты аудандық форум өтті. Іс-шараға еріктілер қозғалысының белсенділері, волонтерлік ұйымдардың өкілдері мен құрметті қонақтар қатысты.

Форумда Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов еріктілер қызметінің қоғам өміріндегі маңызын және азаматтық белсенділікті дамытудың қажеттігін атап өтті.

Жиын барысында еріктілер әлеуметтік бастамалар мен қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, қарт адамдарға қолдау көрсету, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмектесу және жастардың экологиялық акцияларға қатысу мәселелеріне баса назар аударылды.

Форумның маңызды бөлігі еріктілер жасақтары арасындағы «Үздік әлеуметтік жоба» аудандық байқауының қорытындысын шығару болды.

Байқауда Т.П.Праслов атындағы Ертіс жалпы білім беретін мектебінің «Жақсылық жаса» еріктілер жасағы бірінші орынды еншіледі. Екінші орын Веселая Роща жалпы білім беретін мектебінің «Лидер» командасына бұйырса, үшінші орын Башмачное ауылдық округінің «Ашық жүректер» жасағына берілді.

Сондай-ақ еріктілер қозғалысына белсенді қатысқаны үшін Михайловка ауылдық округінің «Birgemiz» және Железин ауылдық округінің «Жас Star» жасақтары да сый-сыяпатқа ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ белсенді еріктілерге Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Форум ауданның еріктілер бірлестіктері арасында тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды талқылауға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.