Железин ауданында мектептің құрылысы қыркүйек айының соңына дейін аяқталады

Железин ауданында мектептің құрылысы қыркүйек айының соңына дейін аяқталады
Фото: Есенжол Исабек

Аймақ басшысы Асайын Байханов Моисеевка ауылындағы салынып жатқан білім ордасында болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, апатты мектептің орнына жаңадан бой көтеріп жатқан білім ордасының құрылысы қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ облыс әкімі №1 қазандықтың жылу желілерін қайта жаңарту бойынша жұмыстармен танысты. Бұл жұмыстарды ертерек жүргізуді ауданға алдағы барған сапарында тапсырған болатын.  Бүгінде мұнда екі шақырым құбыр жаңартылып, жаңа 1,8 шақырым желілер салынды. Бұл қосымша қырықтан астам абонентті жылуға қосуға мүмкіндік береді.

Железин ауданының тұрғындарымен кездесуде Асайын Байханов ауыл тұрғындарын толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, алдағы жылға жоспарланған жобалар туралы баяндады. 

2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Прииртышск ауылындағы мәдениет үйі мен кентішілік жолдарды жөндеу жоспарланған. Асайын Байханов аудан әкіміне облыстың ТҮКШ басқармасымен бірлесіп, Железин-Веселая Роща автожолының отыз екі шақырымын асфальттау жобасын әзірлеуді тапсырды. Бұл қазір ауыл тұрғындары Тереңкөл ауылы арқылы айналып өтетін аудан орталығына дейінгі жолды екі есеге дейін қысқартады.

Еске сала кетейік, Железин ауданына қарасты Моисеевка аулында бірнеше жылдан бері өте қауіпті жағдайда болған мектеп апаттық деп танылған. Сол себептен жергілікті халық жаңадан білім ордасын салуға өтініш білдірген.