Төбесі құлай жаздады: Железиндегі Моисеевка мектебі қаншалықты дайын?

Төбесі құлай жаздады: Железиндегі Моисеевка мектебі қаншалықты дайын?
Фото: Валерий Бугаев

Моисеевка аулындаға ғимараттың апаттық жағдайына байланысты екі отбасы ауылдан көшіп кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов мәлімдеді.

Железин ауданына қарасты Моисеевка аулында бірнеше жылдан бері өте қауіпті жағдайда болған мектеп апаттық деп танылған. Сол себептен жергілікті халық жаңадан білім ордасын салуға өтініш білдірген.

– Бұл 2016 жылдан бері көтеріліп келе жатқан өте күрделі мәселе. Мектеп апаттық жағдайда деп танылған. Кабинеттердің төбелері кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін еді, яғни балалардың өміріне үлкен қауіп төндірді. Аймақ басшысы ауданымызға келгенде мектепті өз көзімен көріп, облыстық бюджеттен қаражат бөлемін деп шешті. Жаңа мектептің құрылысы 27 сәуірде басталды. Бүгінде жұмыстар 80%-ға аяқталды, – деді аудан әкімі.

Айтуған Шайхимовтың айтуынша, бір жыл бұрын ауылда 82 бала  білім алса,  қазір тек 52 бала ғана қалған.

– Мектептің жағдайына байланысты аудан орталығына екі отбасы көшіп кетті. Моисеевка ауылындағы мектептің төбесі құлайын деп тұрған. Екі-үш кабинеттің төбесіне тіреу қойдық. Оларға құлып салып, жауып тастадық. Кітапхананың да төбесі құлайын деп тұрған еді, – деді спикер. – Енді жаңа 100 орындық мектепте шағын орталық ашылады. Оған 15 баладан тұратын бір топ дайын. Кешкі уақытта жастар бос уақытын өткізе алатын мәжіліс және спорт залдарын да саламыз.  

Оның сөзінше, мектеп көлеміне байланысты тоғыз жылдыққа ауыстырылған соң 10-11-сыныпқа баратын оқушылар аудан орталығына барып, тұруға мәжбүр. Аудан әкімі келесі жылы бұл сұрақ шешіледі деп үміттенеді.  

Аудан әкімі Моисеевка ауылындағы білім ошағының құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп сендірді.

– Құрылыс алаңында 52 адам жұмыс істеп жатыр. Осы аптада шатырын аяқтайды. Қазіргі таңда мектептің сыртын қаптау және ішкі өңдеу, сыртқы  жұмыстары жүріп жатыр. Терезелері қойылды, – деп атап өтті Айтуған Шайхимов.

Сондай-ақ, Железин ауданында әлі де жөндеуді талап ететін алты мектеп бар. Бұл – Приертіс, Лесное, Еңбекші, Уәлихан ауылдардағы мектептер.

Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Веселая роща ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігерлер жұмыстарды 80%-ға аяқтады. Соңғы қабатында электр қуатын өткізу ғана қалды. Аудан әкімдігінде мектептегі барлық жұмыстарды келесі аптада  аяқтауды жоспарлап отыр.