ЖИ-контентке қойылатын талаптар күшейді: жалған ақпарат үшін жаза бар
Қазақстанда нейрожелімен жасалған материалдарды тарату заңмен реттеліп, жауапкершілік күшейтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мәліметінше, 2026 жылы генеративті контент технологиялық эксперимент деңгейінен шығып, құқықтық реттеу нысанына айналды. Егер бұрын нейрожелі көмегімен жасалған кескіндер мен бейнелер цифрлық құрал ретінде қабылданса, бүгінде олар ақпараттық қауіп-қатер факторы ретінде қарастырылуда.
Қазір мемлекеттер мұндай контентті жасау мен таратудың нақты ережелерін бекітіп, таңбаланбаған немесе адастырушы ЖИ-материалдарға төзбеушілік танытуда. Әлемнің бірқатар елдерінде дипфейк пен жалған контент үшін айыппұлдар салынып, қылмыстық істер қозғалған.
Қазақстанда да бұл бағыттағы бақылау күшейтілді. 2026 жылғы 17 наурызда Семей қаласының тұрғыны нейрожелі жасаған фотосуретті жалған төтенше жағдай ретінде таратып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша хаттама толтырылған.
Мамандар медиа өкілдері мен цифрлық контент жасаушыларды заң талаптарын сақтауға, ЖИ арқылы жасалған материалдарды міндетті түрде таңбалауға және жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге шақырады.
Сондай-ақ азаматтарға кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, дереккөздерін тексермейінше таратпау ұсынылады.