Зооеріктілер павлодарлықтарға жоғалған жануарларға қалай көмектесу керегін түсіндірді
Олар жаңа жыл қарсаңында отшашу мен фейерверктер кезінде жоғалып кететін жануарларға бейжай қарамауға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мамандардың айтуынша, қатты дыбыстар мен жарқылдар жануарларға қатты күйзеліс тудырып, олардың үреймен қашып кетуіне себеп болады.
Зооеріктілердің мәліметінше, мұндай сәттерде көптеген жануарлар қарғыбаудан босап кетіп, жоғалады, жертөлелер мен подъездерге тығылады немесе бағыт-бағдарын жоғалтып, бейберекет қаша жөнеледі.
Еріктілер көшеде үрейленген жануарды көрген жағдайда сабыр сақтап, оған жай дауыспен жақындауға кеңес береді. Ең алдымен мойнында мекенжай жазылған белгішесінің бар-жоғын тексеру қажет. Сонымен қатар жануардың суретін түсіріп, жергілікті чаттар мен әлеуметтік желілерге ақпарат жариялау маңызды.
– Егер мүмкіндік болса, жануарды уақытша үйіңізге паналатуды сұраймыз. Бұл үй жануары үшін өз иесін табуға мүмкіндік болса, қаңғыбас жануар үшін қауіпті түннен аман өтуге үлкен көмек, – деді зооеріктілер.
Олардың айтуынша, дәл осы сәтте біреулер көз жасына ерік беріп, сүйікті жануарын іздеп жүруі мүмкін.
– Сіздің бейжай қалмауыңыз бір жануардың өмірін сақтап, оны өз шаңырағына қайтаруы әбден мүмкін. Өтінеміз, мұндай жағдайда жануарды көрсеңіз, жанынан өтпей көмектесіңіз, – деді мамандар.
Мамандар от шашу мен фейерверк жаңа жылдық мерекелердің ажырамас бөлігі болғанымен, жануарлар үшін аса қауіпті екенін ескертеді. Жыл сайын қатты дыбыстардың салдарынан ондаған ит жоғалып кетеді. Кей жағдайда қорқыныштан жануардың жүрегі шыдамай қалуы да мүмкін.
Кинологтар жаңа жыл түні иттерді тек мықты қарғыбаумен және міндетті түрде мекенжай белгішесімен серуендетуге кеңес береді. Итті түн ортасына дейін немесе отшашу аяқталған соң серуендеткен жөн. Сондай-ақ жануарды қарғыбаудан босатып, фейерверк тамашалауға апаруға болмайды.
Үйде жануар үшін тыныш әрі қауіпсіз орын дайындау ұсынылады. Мәселен, үстелдің немесе кереуеттің астына таныс иісі бар зат пен сүйікті ойыншығын қойып, тыныш орта қалыптастыру маңызды. Ал жарқын түсті амуниция немесе комбинезон жануар жоғалған жағдайда оны тезірек табуға көмектеседі.