Павлодарлықтарға еуропаша тарих дәрісі берілді
Жастарға елдегі тыныштықты, ынтымақты сақтаудың қажеттілігі айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ertis» музейінде Республика күніне арналған «Егемен елдің еңсесі биік» дөңгелек үстелі өтті. Қонақтар Ұлттық мерекенің маңыздылығына ерекше тоқталды.
- Сіздер – ел болашағысыздар, елдің ертеңі сіздердің қолдарыңызда, - деді «Нұр Ана әлемі» ҚБ және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова. – Республика күні – көпұлтты еліміздің басты мейрамы. Біз – кез келген ұлт пен ұлыстың баласын бауырындай көрген елміз. Бұл игі дәстүрді жалғастыру – біздің міндет.
Тарихты білудің қажеттілігі тақырыбын Польшадан келген PhD докторы Павел Корженёвский одан әрі өрбітті. Оның пікірінше, кешегісін білмеген елдің ертеңі қараңғы.
- Алыстығына қарамастан Қазақстан мен Польша арасында талай ұқсастықтар бар. Мысалы, біздің өткенге, бүгін мен ертеңге деген көзқарасымыз бір – бұл аса маңызды. Қазақстанды жарқын болашақ күтіп тұр және біз тарих сабақтарын ұмытпауымыз қажет, - деді ол.
Іс-шарада Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары) 17 Том: Павлодар өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: халық трагедиясы. құжаттар мен материалдар жинағы» кітабын ұсынды. Жинақта ұлт-азаттық қозғалыс, халықтарды депортациялау және КСРО-дағы діни саясат туралы деректер келтірілген.
Фото: автор