Ғасыр жасаған павлодарлық ардагер дауыс берді
Сергей Выжутовичтің дауысын бақылаушылар үйінен барып алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлы Отан соғысының ардагері Сергей Выжутович бүгінгі саяси науқанға үлкен ыждақаттылықпен дайындалған. Ол бақылаушылар мен комиссия мүшелерінің сұрағына тыңғылықты жауап беріп, бюллетеньге өз таңдауын жасады.

- Уақыт өткен сайын Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу - заман талабы. Сондықтан бұл күннің маңызы зор, - деді Сергей Выжутович.
Айта кетелік, Ұлы Отан соғысының ардагері Сергей Выжутович 1926 жылы дүниеге келген. 20 шілдеде ол 100 жасқа толады.
Ол Екінші Беларусь майданының құрамында шайқасып, Польшаға дейін жеткен. Ал Жеңісті неміс қаласы Ростокта қарсы алған. Бірақ соғыс аяқталғаннан кейін де қызметін жалғастырып, Солтүстік құрлық әскерлері тобында маршал Константин Рокоссовскийдің командасында қызмет етеді.
Қарттығына қарамастан дауыс беруге қатысып, өз азаматтық ұстанымын көрсете білген ардагердің бұл ісі көпке үлгі болары анық.