Қатты жел салдарынан Павлодар облысында бірнеше адам зардап шекті

Қатты жел салдарынан Павлодар облысында бірнеше адам зардап шекті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көп жағдайда зардап шеккендерде көгерулер, жаралар мен сызаттар анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 21:00-дегі жағдай бойынша құлаған ағаштар мен жел салдарынан болған басқа да оқиғаларға байланысты жедел жәрдем қызметіне бірнеше шақырту тіркелген.

Екібастұзда 1997 жылы туған қыз бен жасы нақтыланбаған әйел адам зардап шекті.

Павлодарда 2007 жылы туған ұл бала, 1991 және 1997 жылы туған әйелдер, 2013 жылы туған қыз бала және 2020 жылы туған екі сәби – ұл мен қыз медициналық көмекке жүгінді. 2007 жылы туған ұл бала түрлі сүйек сынықтарымен ауруханаға жатқызылды.

Сонымен қатар облыс орталығында 1968 жылы туған ер адам қатты желден кенет жабылған қақпаның соққысынан жарақат алып, дәрігерлер көмегіне жүгінді.