Песчан интернатындағы оқушылардың жанжалын полицейлер тексеріп жатыр
Білім басқармасында да қызметтік тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Telegram желісіндегі @zhaloby_pavlodar парақшасында қыздар арасындағы төбелес түсірілген видео жарияланды. Автор Павлодар облысында Песчан балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында да зорлық-зомбылық орын алғанын жазған және ол балаларды қорғауға көмек сұрады.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, расында да №2 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері арасында ауызша кикілжің болып, ол төбелеске ұласқан.
– Кезекші мұғалім мен басқа да оқушылар бірден қыздарды ажырата бастады. Төбелес кезінде кәмелетке толмағандар ешқандай жарақат алмаған. Сонымен қатар, білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізетінін, оның нәтижесінде лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қарастырылатынын хабарлаймыз, - деп хабарлады ведомствода.
Облыстық полиция департаменті бұл дерек Тереңкөл ауданының полиция бөлімінде тіркелгенін мәлімдеді. Полиция тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Департаменттің мәліметінше, оқиға ағымдағы жылдың ақпан айында болған.
Фото: ашық дереккөздерден