Қосымша пойыздар мен автобустар: Павлодарда Астанаға қатынасты жеңілдету жоспарлануда
Бұл әсіресе қыс мезгілінде өзекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында боран, көктайғақ, тұман салдарынан автокөлік жолдарының түрлі учаскелерінде, әсіресе Астана бағытына шығатын тасжолда уақытша шектеулер жиі енгізіледі.
– Біз қосымша пойыздар мен қолданыстағы пойыздарға тіркелетін қосымша вагондарды іске қосуды жоспарлап отырмыз, соның ішінде Семей арқылы өтетін Астана – Алматы бағыты бойынша да, – деді облыс әкімі Асайын Байханов. – Сондай-ақ бізге Екібастұзға тоқтайтын тағы бір Павлодар – Астана пойызын іске қосуға уәде берілді.
Өңірде соңғы уақытта inDrive пен Яндекс сервистерімен бәсекеге шыдай алмай, сұраныс азайған қалааралық автобус қатынасына қайтадан көңіл бөлу көзделіп отыр. Павлодар – Екібастұз – Астана бағыты бойынша автобус тасымалын субсидиялау жоспарлануда.
Өңір басшысының айтуынша, қыс мезгілінде ең сенімді көлік түрі – теміржол қатынасы.
Еске сала кетейік, жаңа жыл қарсаңында қосымша пойыздар, оның ішінде Астана – Павлодар бағытындағы пойыздар да іске қосылады.