Құбырдағы апат: Майқайыңда жағдай қалай?

Құбырдағы апат: Майқайыңда жағдай қалай?
Фото: Павлодар облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Су құбырында анықталған ақауды жөндеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, барлығы 143 адам және 60 мамандандырылған техника жұмылдырылды. Су құбырының әрбір учаскесінде мамандар құбырдың қатып қалуы мен ауаның болуын тексеруде. Мұндай учаскелер анықталған кезде құбырды бу генераторларымен жылыту жүргізіледі. Жекелеген учаскелерде құбырдың айналасындағы топырақты көмір және ағаш шпалдарды жағу арқылы жылытуда. 

Қазіргі уақытта бос учаскеде құбырды жылыту жұмыстары жүргізілуде (жер асты және жер үсті құбырлары). Анықталған ақауды жою бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде барлығы 4,1 шақырымға жуық құбыр жылытылды. 

Майқайың кентіне су төмен қысымда берілуде. Суды тәулігіне орташа тұтыну 250 м3 құрайды. Резервуарларда тұрақты түрде тәулікке жеткілікті су қоры бар. Резервуарды тұрақты түрде толтыру қамтамасыз етілуде. Бұл жұмыстарға 10 техника жұмылдырылған. 

Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты «Богатырь-Көмір» АҚ-на су беру уақытша тоқтатылды. Бұл ретте көмір өндірісі зардап шеккен жоқ, өйткені, оған судың қажет жоқ. Ал, кәсіпорынның шаруашылық қажеттіліктері үшін су жеткізілуде. 

Сумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша жұмыстар орын алған ақау толық жойылғанға дейін үздіксіз жүргізілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, 21 ақпанда Екібастұз қалалық су арнасынан 27 шақырым жерде ақау анықталды. Жөндеу жұмыстары алтыншы күні жалғасуда. Майқайыңда жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.