Екібастұзда үздік тарихи қойылым дайындаған ұжым анықталды
Өз командаларын қолдауға 600-ден астам жанкүйер келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Республика күніне орай өткен «Менің Қазақстаным!» атты қалалық шығармашылық байқауына қаланың кәсіпорындары, оқу орындары мен жалпы білім беру мекемелері, сондай-ақ жастар орталықтары қатысты. Мемлекетіміздің мызғымас бірлігін, ұлттық тұтастығын, еліміздің құндылықтары мен мәдени мұраларымызды насихаттауға бағытталған мерекелік байқауда 130 қатысушыдан құралған сегіз команда екі кезең бойынша бақ сынасты. Олар: МАЭС 1, «Богатырь Көмір» ЖШС, №4 ЖОББМ, №23 ЖОББМ, №11 ЖОББМ, №14 ЖОББМ, №26 гимназия мектебі және №25 қыздар гиназиясы.
– Бірінші кезеңде командалар «Менің Қазақстаным!» тақырыбында тарихи қойылымдар дайындады. Қатысушылар ел үшін, жер үшін, халқымыз үшін Тәуелсіз ел болуымызға күш-жігерін салған тарихи тұлғаларымыздың рөлін сомдап, сол шақтағы қуанған барша отандастарымыздың бейнесін ерекше көрсете білді. Айтулы шараның екінші кезеңінде қатысушалар Егемендік тарихы бойынша дайындалған арнайы сұрақтарға экранда көрсетілген ұяшықтарды таңдап жауап берді. Бұл кезеңде де сайыскерлер өздерінің өте жақсы дайындалып келгендігін көрсетті, – дейді ұйымдастырушылар.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды №4 ЖОББМ, екінші орынды Болат Нұржанов атындағы «Екібастұз 1 – МАЭС» ЖШС, үшінші орынды №11 ЖОББМ жеңіп алды.
Шараның соңында барлық қатысушылар дипломмен, Алғыс хатпен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.