Өшін алған: Павлодарда жасөспірім сауда үйінде бұрыш баллонын шашты

Өшін алған: Павлодарда жасөспірім сауда үйінде бұрыш баллонын шашты
Фото: Depositphotos / erik3804

Жасөспірімдер өзара сөзге келіп қалып, соңы төбелеске ұласқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 28 тамызда кешкі сағат 19:00-де «Batyr mall» сауда үйінің аумағындағы скейт-паркте 15 жастағы оқушы мен 17 жастағы колледж студенті достарымен бірге болған. Екеуі сөзге келіп қалып, колледж студенті оқушыға бұрыш баллонын шашқан. Ал 29 тамызда сағат 16:00-де дәл сол жерде аталған екі жасөспірім арасында тағы да жанжал шыққан. Бұл жолы 15 жастағы оқушы колледж студентін ұрған. Аталған факті бойынша 17 жастағы баланың анасы полицияға шағымданып, сот медициналық сараптама тағайындалды.

– Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 жастағы жасөспірім ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша жауапқа тартылды. Материалдар сотқа жіберіледі.  Қоғамдық орында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 17 жастағы жасөспірім ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды, материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деді департаментте.

Олардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК 127-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылды. Екі жасөспірім де білім беру мекемелерінде (мектеп, колледж) есепке алынады. 

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде бір топ жасөспірім балаларды пышақпен, бұрыш баллонмен қорқыту арқылы ақша алып жүргені жайлы ақпарат тарады. Облыстық полиция департаментінде аталған фактіні тіркегенін хабарлады. Тергеу нәтижесінде оқиғаның қатысушылары анықталған, алайда ақша бопсалау фактісі расталмады.