Құрылыс пен мұнай өңдеу Павлодар облысындағы өндіріс өсімін жеделдетті

Құрылыс пен мұнай өңдеу Павлодар облысындағы өндіріс өсімін жеделдетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде бірқатар өндірістік салада өсім байқалып, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-тамыз аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 766,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға көп.

Оның ішінде өңдеу секторына 204,9 миллиард теңге инвестиция салынды.

Сегіз айда облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 2,925 триллион теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 7,6 пайызды құрады. Жалпы көлемнің 57,2 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Өңдеу секторындағы өндіріс былтырғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда 11,3 пайызға артты.

Ең жоғары өсім құрылыс индустриясында тіркелді – 39,2 пайыз. Дайын металл бұйымдарын өндіру 38,8 пайызға, мұнай өңдеу 31,7 пайызға, химия өнеркәсібі 26,3 пайызға өсті.

Машина жасау саласындағы өсім 15,6 пайызды, жеңіл өнеркәсіпте 7,4 пайызды құрады. Металлургия өндірісі 4,1 пайызға, тамақ өнімдерін өндіру 4 пайызға артты.