«Қағаз тапсыр – ағаш құтқар»: Аққулыдағы оқушылар экологияға үлес қосты
Науқан аясында оқушылар ескі қағаз қалдықтарын қайта өңдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы ауданына қарасты Тілектес жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары қоршаған ортаны қорғауға белсенді атсалысуда. Осылайша, табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талаптарына айналып отыр.
Мектептің 8-сынып оқушысы Саида Рахметова «Қайта өңдеу арқылы қағаз жасау» атты экологиялық жоба дайындаған. Жобаның басты мақсаты – қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы ағаштарды сақтап қалу, сондай-ақ оқушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыру.
Жоба аясында мектепте «Қағаз тапсыр – ағаш құтқар» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Акцияға мектеп оқушылары мен ұстаздары белсенді қатысып, күнделікті тұрмыста қолданылған ескі дәптерлерді, газеттер мен түрлі қағаз қалдықтарын жинап тапсырған.
– Жиналған макулатура арнайы өңдеуден өткізілген. Яғни қағаздар ұсақталып, жылы суға жібітілгеннен кейін араластырылып, қоймалжың массаға айналады. Дайын массаны торлы қалыпқа жайып, артық суын сығып аламын. Келесі кезеңде қағазды тегістеп, табиғи жолмен кептіріп аламын. Нәтижесінде қайта өңделген, пайдалануға жарамды жаңа қағаз пайда болады, – дейді Саида.
Бұл тәжірибелік жұмыс оқушыларға қағазды қайта өңдеудің маңызын өз көздерімен көріп, нақты іс арқылы түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, акция мектеп ұжымының экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа ұқыпты әрі жанашырлықпен қарауға тәрбиеледі.
Саида Рахметованың экологиялық жобасы жас ұрпақтың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, экологиялық тәрбиенің мектеп қабырғасынан бастау алатынын көрсетеді. Осындай мазмұнды әрі пайдалы бастамалар болашақта табиғатты сақтауға бағытталған үлкен істердің басы болары сөзсіз.