Қаладан кем емес: Ертіс ауылының жастарына қандай жағдай жасалуда?

Қаладан кем емес: Ертіс ауылының жастарына қандай жағдай жасалуда?

Ауылда кәсіпкерлік және сауда-саттық қарқынды дамып келе жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ертіс ауылының әкімі Дәулет Әлкеновтің сөзінше, жергілікті халық басқа жерге көшпей, осы жерде тұрақтап қалуда. Тұрғындарға жайлы болу үшін әкімдік барынша қолайлы жағдай жасап жатыр. 

– Биыл Ертіс ауылының кентішілік жолдарына: Мүткенов және Құдайберген батыр көшелеріндегі жолға орташа жөндеу жүргізілді. №3 орта мектептің алдында автомобиль тұрағын орнаттық. Сондай-ақ, балалар ойын алаңын жайластырдық, – деді ол. 

Көшелерде көздің жауын алатын бірнеше стрит-арт муралын көруге болады. Мысалы, Қажымұқан көшесі, 130 мекенжайы бойынша ержүрек батырлардың кейіпі сомдалған. Оны Жеңіс күніне арнайы салғыздырды. Бұл үйде ардагерлер тұрады. Тағы бір тұрғын үйдің қасбетінде бүркіттің суреті бейнеленген. Павлодар қаласының суретшілері Ертіс ауылында төрт мурал салған.

–  Жалпы ауылда барлығы бар десек те болады. Орталықтандырылған сумен барлық үйлер қамтамасыз етілген. Ұялы байланыс пен ғаламтор желісі бар, – деді ауыл әкімі.

Оның сөзінше, аудан орталығында көршілес жатқан ауыл тұрғындары да қоныс аударуға ниетті, алайда тек бір мәселе ғана кедергі болып тұр, бұл – баспананың жоқтығы. 

–  Біздің ауылымызда 7831 адам тұрады. Тұрғындардың орташа жасы – қырық шамасында. Халық кетпей, осы жерде қалуда, керісінше тұрғындардың саны артып келе жатқаны байқалады. Екі жыл бұрын 24 пәтерлі үш тұрғын үй салынып, тұрғызылды. Содан бері басқа ауылдардан адамдар көп келе бастады. Бүгінде кезекте 200-ге жуық адам тұр, – деді Дәулет Әлкенов.

Алдағы уақытта әкімдік 24 пәтерлі төрт тұрғын үйді салғызу үшін жер қарастырып жатыр. ЖСҚ дайын, алайда қаражат жағынан сұрақ шешілмеген. Ауыл әкімі бұл күрделі мәселе облыс немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы қолдау табады деген сенімде. 

–  Бұдан бөлек, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы бойынша 28 маман келді, оның ішінде алтауы –  медицина қызметкері, ал қалғандары – мұғалімдер. Әрине, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, әлеуметтік жәрдемақы төленуде, – деді ол.

Оның сөзінше, биыл оңтүстіктен 24 отбасы Ертіс ауылына көшіп келген. Олардың тұрғын үйі мен жұмысы бар. 

– Бізде жалпы тұрғындар түрлі салада жұмыс істейді. Грант ұтып, түрлі кәсіптерін ашады. Мысалға, бір тұрғынымыз тапсырыспен суши, пицца жасап, басқа ауылдарға жеткізеді, – деді  Дәулет Әлкенов. – Халық үйге қонақ шақырмай, дәмханаға барып тойлайды. Қаладағыдай аю костюміндегі аниматорларды шақырады.

Ал, жастардың бос уақытын қамту үшін аудан орталығында спорт кешені жұмыс істеп тұр. Ғимарат былтыр салынып, биылғы жылдың қазан айында ашылды. Ол жерде 13 спорт түрімен айналысуға болады.

– Енді жарыстарды өткізуге қолайлы болды. Алыстан келген қонақтарымызды екінші қабаттағы жатақханаға жайғастырамыз. Жастардың сұранысы ескеріліп, әйел және ер адамға арналған бөлек фитнес залын аштық, – деді спорт кешенінің басшысы Нұрлан Тұнабеков.  


Жалпы волейбол, қазақша күрес, гандбол, шахмат және тағы да басқа спорт түрлерімен 682 бала шұғылданады.

Жаттықтырушылар саны жеткілікті. Алдағы уақытта тоғызқұмалақ, шаңғы және баскетбол сынды секциялар ашылады.