«Қайрат» пен «Реал Мадрид» матчына билеттер толықтай сатылды

Freedom Ticketon платформада сатылымның ең қызған шағында 1 миллионнан астам қолданушы болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Футбол – бұл әрдайым эмоция, үміт пен құмарлық. Қазақстандық жанкүйерлер үшін «Қайрат» футбол клубының Чемпиондар лигасына қатысуы – тарихи оқиғаға айналды. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен, атап айтқанда мадридтік «Реалмен» бір топқа түсу – миллиондаған жанкүйердің арманы болатын. Олар бұл жұлдыздарды Алматының Орталық стадионында көруге асықты.
Алайда стадионның сыйымдылығы – небәрі 20 мың орыннан сәл ғана асады. Бұл – шынайы жағдай: барлық сұранысты қанағаттандыру физикалық тұрғыда мүмкін емес.
– Бір ЖСН – бір билет» және «екі билеттен артық берілмейді» деген шектеулер енгізілді. Бұл – шынайы жанкүйерлерді қорғап, алыпсатарлардың әрекетін шектеуге бағытталған шешім. Біздің мақсат – билеттердің нағыз жанашырларға жетуі, – деді Freedom Ticketon байланыс жөніндегі директоры Азамат Атагелді.
Кей қолданушылар тарапынан «кезектің тұрып қалуы» немесе «бастапқы жағдайға қайта оралуы» сияқты сұрақтар туындады. Сатылым нақты 17:00-де басталды және жүйе қалыпты режимде жұмыс істеді. Ертерек кірген қолданушылардың сессиялары автоматты түрде жаңартылып отырды. Бұл – техникалық қауіпсіздік шарасы, алыпсатарлық пен жүйеге жасалатын манипуляцияларды болдырмауға арналған. Сатылым уақыты туралы ақпарат алдын ала жарияланған болатын – Freedom Ticketon мен ФК «Қайраттың» ресми арналары арқылы. Қазір барлық билеттер сатылып кетті. Жанкүйерлерге маңызды ескерту: күмәнді сайттар мен қолдан сатылымдарға сенбеңіздер. Бұл – қаржылай шығынға және стадионға кіре алмауға әкелуі мүмкін. Матч билеттерінің ресми әрі жалғыз сатылым алаңы – Freedom Ticketon.