Қазақстан мен Өзбекстан стандарттау мен метрология бойынша жоспарға қол қойды

Келіссөздер барысында екі ел саудадағы техникалық кедергілерді жою, стандарттарды үйлестіру және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Өзбек техникалық реттеу жөніндегі агенттігінің делегациясымен ресми кездесу өткізді.
– Келіссөздер шеңберінде тараптар техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау және метрология саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі аспектілерін талқылады. Сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде саудадағы техникалық кедергілер және санитариялық-фитосанитариялық шаралар, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мәселелері жөніндегі ақпараттық орталықтың жұмыс істеуі мәселелеріне ерекше назар аударылды, – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Тараптар ұлттық стандарттарды халықаралық және өңірлік нормативтермен үйлестіру арқылы стандарттау саласындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын қарастырды. Сонымен қатар техникалық реттеу саласындағы қолданыстағы заңнамалар бойынша ақпарат алмасты және осы саладағы құқықтық реттеудің қазіргі тәсілдерін саралап, регуляторлық тәжірибелерді жақындатуға мүдделілік білдірді.
– Кездесу қорытындыларының бірі - «Қазақстандық стандарттау және метрология институты» РМК мен «Өзбек ғылыми сынақтар және сапаны бақылау орталығы» мемлекеттік мекемесі арасындағы сәйкестікті бағалау саласындағы 2025-2026 жылдарға арналған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қызметті іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды, – делінген хабарламада.
Аталған жоспар тараптардың практикалық өзара іс-қимылын нығайтуға, тәжірибе және білім алмасуға, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес өнімдер мен қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Кездесу соңында тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға әзір екендіктерін білдіріп, қол жеткізілген уағдаластықтардың Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы техникалық реттеу және стандарттау саласындағы әріптестікті жаңа сапалы деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.