Қазақстан спортшылары демалыс күндері жиырмаға жуық халықаралық медаль жеңіп алды

Қазақстан спортшылары демалыс күндері жиырмаға жуық халықаралық медаль жеңіп алды
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Ең табысты нәтиже Қытайда өткен World Boxing Әлем кубогінің кезеңінде тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, өткен демалыс күндері қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 19 медаль жеңіп алды.

Әлемдік және құрлықтық додаларда ел намысын қорғаған ұлттық құрамалар жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан спортының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Ең нәтижелі көрсеткіш Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing Әлем кубогінің екінші кезеңінде тіркелді. Қазақстан құрамасы бұл жарыста бес алтын және үш қола медаль жеңіп алды, – делінген хабарламада.

Турнир чемпиондары атанғандар қатарында Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов, Айбек Оралбай, Назым Қызайбай және Виктория Графеева бар.

Қазақстандық спортшылардың жетістіктері тек бокспен шектелмей, өзге де олимпиадалық спорт түрлерінде жалғасын тапты. Демалыс күндері ұлттық құрамалар халықаралық ареналарда жүлделер үшін сәтті күрес жүргізді.

Мамандардың пікірінше, мұндай нәтижелер қазақстандық спортшылардың ірі халықаралық жарыстар алдындағы дайындығының жоғары деңгейде екенін көрсетеді.