Қазақстанда несие алу қиындайды: 2027 жылдан бастап қандай шектеулер енгізіледі
Қазақстанда халықтың шамадан тыс қарызға батуын азайту және қаржы жүйесін нығайту мақсатында несие беру тәртібі айтарлықтай қатаңдатылады, деп хабарлайды Kazinform.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың жалпы берешегіне қатысты жаңа шекті деңгей енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл реттеудің мәнін ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметінің жетекшісі Асан Ахметжан түсіндірді.
– Егер ол көрсеткіш тым жоғары болса, демек ол адамға ары қарай несие төлеу ауыр болады және оның ақшасыз қалу қаупі артады деген сөз. Осындай шаралар еліміздің қаржы жүйесін нығайтып, несие беру ісінің жолға қойылуына көмектеседі, – деді ол.
Ұлттық банктің мәліметінше, автокредит, ипотека және кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша бюджеттік сыныптама көрсеткішіне мониторинг жалғаса береді. Бірақ олар үшін жеке шекті мәндер енгізілмейді. Сонымен қатар қолданыстағы борыштық жүктеме коэффициентіне қатысты талаптар өзгеріссіз қалмақ.
Алайда ел ішінде керек те, керек емес те заттарды, тіпті смартфон мен тойды да несиеге алып, соңында банкроттыққа жүгінетіндер көбейген. Осы ретте экономист Ләззат Жанмолдаева бұл шектеулердің ұзақ мерзімді перспективада экономикаға тигізер пайдасы зор екенін алға тартады.
– Бұл бір жағынан қаржылық сауаттылық, ертең мақұлданбайды, бір қарызды екіншімен жабу, эмоциямен сатып ала салу, «Банкроттыққа бере саламын» деп, қарызды толтырып алу дегеннен сақтайды. Екіншіден қарыздық бұғаудан құтқару, үшінші жағынан инфляцияны тежеу болады, – деді экономист.
Экономистің айтуынша, бұған дейін банктер қарапайым халыққа қысқа мерзімді несие бере отырып, үстеме пайда тауып келді. Мысалы, 2025 жылы банктердің табыс өсімі 6,2 пайыз болса, оның алдындағы жылдары бұл көрсеткіш 17 пайызға дейін жеткен. Енді жаңа пруденциялық нормативтер мен сақтық қоры ретіндегі провизиялар банктердің өз табысын азайтып, оларды қарапайым халықтан гөрі нақты секторға, яғни өндіріс пен бизнеске ұзақ мерзімді несие беруге мәжбүрлейді.
Одан бөлек, несие беруді шектеудің екінші жағы да бар. Қаржы сарапшысы Меруерт Қуанышбекқызы бұл шара жеке тұлғалардың қаржылық тәртібін түзегенімен, шағын және орта бизнеске ауыр соққы болатынын ескертеді.
– Қазір көптеген бизнес зардап шегіп жатыр. Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін өте ауыр тиеді. Өйткені олардың тауарлары қазір бөліп төлеу түріне өтпейді. Сол себепті жалпы тауар айналымы тежеледі. Несие дегеніміз экономиканың «драйвері» ғой, – деді қаржыгер.
Сарапшы тауар көлемі мен сауданың азаюы ШОБ өкілдерінің ары қарай дамуына кедергі келтіріп, салық түсімін азайтатынын, ал ұзақ мерзімді нәтижені болжау қиын екенін айтады.
Мұндай тәуекелдерді жұмсарту үшін экономист Ләззат Жанмолдаева мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдаудың баламалы тетіктерін іске қосу қажет деп есептейді. Атап айтқанда, «Даму» қоры, аграрлық және кластерлік жобалар арқылы халық күнделікті тұтынатын ет, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпкерлерге берілетін несиелердің 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемесін кеңейту нарықтағы жағдайды жұмсартуға мүмкіндік бермек.