Қазақстанда студенттік жатақханалар құрылысына бизнестің қызығушылығы артып келеді
Бұл туралы «Қаржы орталығы» АҚ мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда студенттік жатақханалардың құрылысы мен қолданыстағы ғимараттарды қайта жаңартуға бағытталған жобаларға жеке сектор тарапынан қызығушылық айтарлықтай өсіп келеді. Мұндай оң динамикаға әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына инвестиция салуға және оларды пайдалануға бергеннен кейін кепілдендірілген табыс алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік тапсырыс механизмі себеп болып отыр.
– Аталған модель мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді серіктестікті қалыптастырады. Бір жағынан, мемлекет студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін жүйелі түрде шешсе, екінші жағынан кәсіпкерлер үшін ұзақ мерзімді, тұрақты әрі ашық қаржылық модель ұсынылады, – деді орталықта.
Бағдарлама аясында компания немесе жеке кәсіпкер жатақхананы өз қаражаты есебінен жаңадан салады немесе бар ғимаратты қайта жаңғыртады. Нысан пайдалануға беріліп, барлық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін мемлекет студенттердің тұруы үшін ай сайын төлем жүргізе бастайды. Маңызды ерекшелік – өтемақы нақты орналасқан студенттер санына қарай есептеледі. Бұл тәсіл қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етіп, тиімсіз шығындардың алдын алады.
Жаңа жатақхана құрылысы жағдайында мемлекеттік өтемақы алты жыл бойы төленеді. Ал ғимаратты қайта жаңарту жобалары үшін бұл мерзім сегіз жылға дейін ұзартылады. Өтемақы мөлшері төсек-орын санына байланысты белгіленеді. Атап айтқанда, жаңа құрылыс үшін барлық өңірлерде бір төсек-орынға 195 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), Алматы қаласында 230 АЕК төленеді. Қайта жаңарту жобалары бойынша барлық өңірлер үшін 47 АЕК, ал Алматы және Астана қалаларында 92 АЕК қарастырылған.
Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкер бірнеше кезеңнен тұратын рәсімдерден өтеді. Алдымен «Қаржы орталығы» АҚ-ға өтініш беріліп, алдын ала шарт жасалады. Одан кейін инвестор жатақхананың құрылысын немесе реконструкциясын толық аяқтайды. Нысанға 20 жыл мерзімге «жатақхана» нысаналы мақсаты бойынша ауыртпалық рәсімделген соң, мемлекеттік тапсырыс шартына қол қойылып, төлемдер басталады.
Жатақхана иелері үшін мұндай нысан бірнеше табыс көзін ұсынады. Мемлекеттік өтемақыдан бөлек, жалдау ақысы алынады, оның мөлшерін меншік иесі өз бетінше белгілей алады. Сонымен қатар жатақхана аумағында буфет, дүкен, кір жуу орны сияқты қосымша коммерциялық қызметтерді орналастыруға мүмкіндік бар. Бұл объектінің жалпы табыстылығын арттырады.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік тапсырыс тетігі өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Ол әлеуметтік инфрақұрылымды жедел дамытуға, жеке инвестицияларды тартуға және студенттерді заманауи әрі қолжетімді тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бүгінде бұл механизм мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың ең нәтижелі үлгілерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Қазақстанда студенттік жатақханалар салу мен қайта жаңартуға деген қызығушылықтың артуы – әлеуметтік маңызы бар жобаларды жеке сектор арқылы дамытуға жасалған маңызды қадам. Бұл тәсіл ұзақ мерзімді перспективада білім беру инфрақұрылымын жақсартып, инвесторлар үшін де сенімді табыс көзіне айналмақ.