Қазақстанда жұмыспен қамтылған әйелдер саны 4,5 миллионнан асты

Қазақстанда жұмыспен қамтылған әйелдер саны 4,5 миллионнан асты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Елімізде еңбек ететін әйелдердің басым бөлігі білім беру, сауда және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2026 жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстанда жұмыспен қамтылған әйелдер саны төрт миллион 527,1 мың адамға жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42,6 мың адамға немесе 0,9%-ға көп.

Олардың үш миллион 602 мыңнан астамы немесе 79,6%-ы жалдамалы қызметкерлер болса, 925,1 мың әйел өзін-өзі жұмыспен қамтыған.

Жұмыспен қамтылған әйелдердің ең көп бөлігі білім беру саласында еңбек етеді – 902,2 мың адам. Бұл барлық жұмыспен қамтылған әйелдердің 19,9%-ын құрайды. Одан кейін көтерме және бөлшек сауда саласы – 877,6 мың адам (19,4%), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласы – 426,3 мың адам (9,4%) орналасқан.

Сондай-ақ өнеркәсіпте 388,1 мың әйел, ал ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 351,2 мың әйел еңбек етеді.

Бір жыл ішінде әйелдердің жұмыспен қамтылуы жылжымайтын мүлікпен операциялар (+25,7%), әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету (+21,9%), көлік және қоймалау (+16,2%) және өнеркәсіп (+7,6%) салаларында айтарлықтай өсті.

Өңірлер арасында жұмыспен қамтылған әйелдер санының ең жоғары өсімі Қарағанды облысында (+7,8%), Ақтөбе облысында (+6,5%), Алматы қаласында (+6,3%) және Түркістан облысында (+6,1%) тіркелді.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жұмыспен қамтылған әйелдердің басым бөлігі қалаларда тұрады. Қалалық жерлерде еңбек ететін әйелдер саны үш миллион 8,5 мың адамды құрады.