Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық стандарттарға жоғары деңгейде сәйкес келеді

Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық стандарттарға жоғары деңгейде сәйкес келеді
Фото: pexels.com / cottonbro studio

ЭЫДҰ сарапшылары еліміздің ресми статистикасын көптеген бағыт бойынша озық халықаралық тәжірибеге сай деп бағалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізілген тереңдетілген шолудың қорытынды есебін жариялады.

Бағалау кезінде ресми статистиканың дәлдігі мен шынайылығы, халықаралық стандарттарға сәйкестігі, деректердің қамтылуы мен өзектілігі, уақтылылығы, қолжетімділігі және түсіндірілуі ескерілген.

– Қарастырылып отырған пәндік салалардың басым көпшілігінде Қазақстанның ресми статистикасы ЭЫДҰ-ның озық саясаты мен практикасына толықтай дерлік сәйкес келеді, – делінген қорытынды есепте.

Сарапшылар Қазақстандағы статистикалық жүйені цифрландыру жұмыстарына ерекше назар аударған. Негізгі жетістіктердің қатарында цифрлық статистикалық тіркелімдерді дамыту, оларды мемлекеттік органдардың деректерімен интеграциялау және әкімшілік деректерді белсенді пайдалану аталды.

Сондай-ақ статистикалық ақпаратты жинау мен өңдеуді цифрландыру, фискалдық чектер мен мобильді позициялау деректерін пайдалану, халық санағын жүргізудің тіркелімдік моделіне көшу оң бағаланды.

Жаңа тәсіл дәстүрлі сауалнамаларға тәуелділікті азайтып, әкімшілік, транзакциялық және басқа да цифрлық деректерді кеңінен пайдалануды көздейді. Бұл ақпараттың жеделдігі мен сапасын арттырып, бизнес пен азаматтарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект пен автоматтандыру технологиялары да статистика саласында қолданылмақ. Олар үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге, аномалияларды анықтауға, ақпаратты жіктеуге және болжауға мүмкіндік береді.

Тереңдетілген шолу 2023-2025 жылдары Ұлттық статистика бюросының бастамасымен жүргізілген. Осы уақыт ішінде ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанға үш рет жұмыс сапарымен келіп, статистикалық жүйенің құқықтық, институционалдық, әдіснамалық және технологиялық негіздерін зерделеді.

Шолу ұлттық шоттар, баға мен еңбек нарығы статистикасы, кәсіпорындар, сыртқы сауда, халықтың табысы мен әл-ауқаты және экологиялық-экономикалық есеп сияқты бағыттарды қамтыды.

2025 жылы Қазақстан ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына қосылған. Қазақстан бұл құжатқа қосылған ТМД-дағы алғашқы ел болды.

Сонымен қатар ЭЫДҰ сарапшылары статистикалық жүйені одан әрі жетілдіру қажет бағыттарды белгіледі. Олардың қатарында мемлекеттік сектор берешегінің статистикасы, кәсіпорындардың құрылымдық және демографиялық статистикасы, экологиялық-экономикалық есеп және кәсіпорындар сипаттамалары бойынша сауда статистикасы бар.

Ұлттық статистика бюросы ЭЫДҰ ұсынымдары статистикалық жүйені одан әрі дамыту барысында ескерілетінін хабарлады.