Қыз ұзатудағы улану: Павлодарлық дәрігерлер ауруханаға түскен қонақтардың диагнозын атады

Барлығы 35 ересек адам және үш бала ем алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, уланғандар инфекциялық стационарда орта есеппен бір апта жатты.
– Барлығы анықталмаған бактериялық ішек инфекциясымен ауруханаға жатқызылды, – деп хабарлады ведомствода. – Зертханалық зерттеулерден кейін барлығына расталған сальмонеллез диагнозы қойылды. Олардың денсаулығы жақсарып, ауруханадан шығарылды. Тиісті ұсыныстар берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 7 маусымда Bellagio банкет залында қыз ұзатуға барған 20-дан астам адам өздерін нашар сезінді. 8 маусымда да сол мекемеде тағы бір мерейтой өтіп, бірнеше қонақ уланды.
Санитарлық дәрігерлер сарқыт, су, азық-түлік, шикізат және шайындылардан сынама алды. Қызметкерлер дизентерия, сальмонеллез және стафилококк тасымалдаушыларына тексерілді. Жеті қызметкер медициналық тексеруден өтпеді, олар жұмыстан шеттетілді. Мекеменің қызметіне тыйым салу туралы қаулы шығарылды.