Қызыл кітап: Табиғат пен жануарларды сақтауға павлодарлықтар қалай үлес қоса алады?

Өңірдегі экологиялық мәдениет, туризм мен табиғатты қорғау шаралары жайлы @Pavlodarnews.kz тілшісі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Исатай Абдразаховпен тілдесті.
Павлодар облысы табиғи байлығымен ғана емес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарымен де танымал. Алайда соңғы жылдары аймақтағы туризмнің артуы, әсіресе жаз мезгіліндегі рекреациялық қысым экожүйелерге айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Мәселен, Жасыбай көлінің маңында рұқсат етілген жүктеме шегінен асу – табиғатқа тигізетін кері әсердің айқын мысалы.
– Экологияға ең көп зиян демалыс орындарындағы ретсіз және бақылаусыз туристік ағымнан келеді. Жасыбай көлінің жағалауындағы өсімдіктердің тапталуы, су режимінің бұзылуы, қоқыс пен тағам қалдықтарының көбеюі – мұның бәрі табиғи ортаға үлкен қысым түсіріп жатыр. Сонымен қатар от жағу іздері мен шудың артуы жабайы жануарлар тіршілігіне қауіп төндіреді, – дейді Исатай Абдразахов.
Мұндай мәселелер Торайғыр мен Сабындыкөл көлдерінің де айналасында туындауы мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта бұл аумақтарда туристік жүктемені теңдей бөлу жұмыстары қолға алынуда.
– Облыс аумағында экологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар туристерге жайлы жағдай жасау ғана емес, табиғатқа келтірілетін зиянды азайту, бақылау жүйесін күшейту және жауапты туризмді қалыптастыруды көздейді, – деді инспекция басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта экологиялық соқпақтар, ақпараттық белгілер, қалдықтарды сұрыптайтын орындар және от жағуға арналған арнайы аймақтар құрылуда.
Бұл ретте, экологиялық ахуалды жақсартуда халықтың белсенділігі маңызды рөл атқарады. Павлодар облысында түрлі экологиялық акциялар мен сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл шараларға мектеп оқушылары, студенттер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар тартылады. Олар ағаш отырғызу, орман тазалау, ақпараттық жұмыстарға атсалысып жүр.
Сондай-ақ табиғатты қорғауға бағытталған жобалар мен бастамаларға азаматтардың белсенді қатысуы қоғамдық экологиялық мәдениетті арттыруға ықпал етеді.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясы облыс тұрғындары мен қонақтарына ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барған кезде тәртіп пен тазалықты сақтау, қоқысты арнайы орындарға тастау, рұқсат етілмеген жерде от жақпау, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларға тиіспеу ережелерін сақтауды ескертеді.
Айта кетейік, биоалуантүрліліктің азаюына әсер ететін негізгі себептер ретінде мамандар ретсіз мал жаюды, орман өрті мен құрғақшылықты, заңсыз аңшылықты және халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігін атап отыр. Сонымен қатар, климаттың өзгеруі – температураның күрт ауытқуы, найзағайлар және құрғақшылық табиғи балансты әлсіретуде.