Ұлы Жеңіске - 80 жыл: Павлодарлық оқушылар зерттеу жұмыстарын қорғады

Өңіріміздің 7-10-сынып оқушылары елеулі даталарға қатысты жобаларын таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Тарихқа тағзым» атты облыстық жобалар байқауы өтті.
Байқаудың басты мақсаты — тарихқа деген қызығушылықты арттырып, өз өлке мен елінің дәстүрлері мен құндылықтарын қадірлеуге баулу, сондай-ақ жастар арасында патриотизм мен ұлттық сананы дамыту.
– Оқушылар өздеріне ұсынылған тақырыптардан біреуін таңдап, сол бойынша терең зерттеу жүргізді. Шығармашылық тұрғыдан жаңаша көзқарас қалыптастыруға тырысты, – дейді оқушылар сарайының әдіскері Бахыт Аралбаева.
Жобалардың тақырыптары еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты маңызды оқиғалар мен даталарды қамтыды. Олардың бірі – Мичурин ауылының тарихи ескерткіштерін зерделеу, сақтау және танымал етуге арналған «Тарихи мұра аумағы» жобасы. Мичурин ауылдық округіндегі қазба орындары туралы айтылды. «Қазақи құндылықтар – әлем халқына» жобасында біздің дәуірімізге дейінгі XVI-XV ғасырларда ерте қоланы жерлеу Госплемстанция ауылында, қола дәуіріндегі балаларды жұптық жерлеу Мичурин ауылдық округінде табылды.
– Оқушылар тек тарихи деректермен шектелмей, әрбір оқиғаға терең ой жүгіртіп, оны қазіргі заманмен байланыстырды, өздерінің жеке көзқарастарын жеткізді. Бұл байқау тарих пен мәдениетке деген құрметті оятып, жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттырудың зор мүмкіндігі болды, – деді ол.
Байқауға С.Торайғыров атындағы өлкетану бөлімінің жетекшісі Марал Таженова, тарих ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Мәди Рахымов және Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық өнер мұражайының маманы Ольга Пашко секілді танымал мамандар мен зерттеушілер сарапшылық етті.
Жеңімпаздарға дипломдар мен сертификаттар табысталды.