Ұлттық коалицияның мүшелері Павлодар облысының шалғай ауылдарына ат басын бұрды

Ұлттық коалицияның мүшелері Павлодар облысының шалғай ауылдарына ат басын бұрды
Фото:

Олар Успен ауданындағы бірнеше ауылды аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов бастаған ұлттық коалицияның бір топ мүшелері Успен ауданындағы Вознесенка, Қоңырөзек, Новопокровка, Галицкое ауылдарын аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Топ құрамында ҚХП партиясының Павлодар филиалы төрағасының міндетін атқарушы Әлімбек Ағыбаев, «Республика» партиясының мүшесі Оразбек Саяхат, Pgd докторы, «Торайғыров университеті» КЕАҚ профессоры Гүлсара Қапасова болды.

Әр ауылда тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, «есіктен – есікке» акциясы өткізілді. Кездесулер барысында ұлттық коалиция мүшелері жаңа Конституцияның жобасын түсіндірді.

- Ауыл тұрғындарын көбіне жаңа Конституциядағы өзгерістерде ауыл үшін не өзгеретіні қызықтырды. Сонымен қатар, білім мен денсаулық сақтау мәселелері де толғандыратыны байқалды, - делінген хабарламада. 

Қоңырөзек ауылында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Галина Гончарова «Жаңа Конституция қарттар мен зейнеткерлерге не береді? Өлім жазасына тыйым салынған, ал «адам өмірін өз бетімен қию» дегеніміз не?» деген сұрақтар қойды. Барлық сұрақтарға жауап берілді.

Жоғарыда аталған ауыл тұрғындарының басым бөлігі референдумға қатысып, жаңа Конституцияға дауыс беруге дайын екендiктерiн жеткізді.