Ұйқыға кетеді: Павлодар облысында жұлдызқұрттар ағаш жапырақтарын жемейтін болады
Бұл ғылыми зерттеулермен дәлелденген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімідігінде өткен аппараттық жиында облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева орман зиянкестеріне қарсы қолданылған іс-шаралар жөнінде сөз етті.
– Биыл алғаш рет мемлекеттік орман қорының аумағында орман алқаптарына елеулі залал келтіретін жұпсыз жібек құртының дернәсілдерін өңдеуге 140 миллионға жуық теңге бөлінді, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, жазда ағаштарда химиялық өңдеу жүргізілді. Зиянкестерден зардап шеккен Железин ауданындағы Үрлітүп орман шаруашылығының аумағы толығымен қамтылды. Бұл – 16,4 мың гектар, ол облыстағы жұқтырған алаңының жартысын құрайды.
– Биылғы жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша жалпы тиімділік 81% құрады. Жыл сайын республикалық орман селекциялық орталығынан орман патологтарының мамандарын тарта отырып, көктем мен күзде мониторинг жүргіземіз, – деп атап өтті Айгерім Қабылтаева.
Басқарма басшысы келесі көктем-жаз кезеңінде жұлдыз құрттың орман алқаптарына зиян келтірмейтініне сенімде.
– Арнайы ғылыми зерттеулер осы жылы атқарылған жұмыстардың оң нәтиже бергенін айқындайды. Зиянкестер азайып бара жатыр. Яғни, дернәсілдердің химиялық өңдеуін жүргізбейміз, – деп нақтылады Айгерім Қабылтаева.
Спикердің айтуынша, жұлдызқұрттар мәселесі 2018 жылдан бері жыл сайын көтеріліп келген еді. Әсіресе зиянкестер көп таралған аймақ – Железин ауданы.