Әйел және бизнес: Павлодарда 150-ге жуық кәсіпкер әйел бас қосты
«Ана алақаны» атты іскер әйелдер форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Достық үйінде «Ана алақаны» облыстық әйелдер форумы өтті. Аталмыш іс-шараға облыс көлемінде гендерлік саясатты жүзеге асыруға атсалысып отырған қоғам белсенділері, басшы әйелдер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, шақырылған қонақтар қатысты.
Гендерлік саясат мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осыған орай, форум атқарылып жатқан жұмыс туралы пікір алмасуға, жұмыс нәтижелерін қорытындылауға бағытталған.
– Бүгінгі іс-шара бизнесте жүрген қыз-келіншектердің басын біріктірді. Өздерінің көрсеткен қарапайым өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етуге көзделген. Іскер әйелдер кеңесінің аясында бұл өнімдерді сыртқы нарыққа ұсынуға тырысамыз. Мемлекет тарапынан алып жатқан көмектерді қосып алғанда, аяғына нық тұрған бизнес өкілдері қарапайым өзінің ауылындағы қарындастарына, туыстарына, тумаларына көмек арқылы нәтижеге жетіп отырмыз, – дейді «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары Одағы жанындағы Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова.
Кәсіпкер әйелдің айтуынша, статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 52 пайызын әйел азаматтар құрайды. Іскер әйелдер алудан гөрі, беруді алға қояды.
– Осы қарапайым еңбектің нәтижесін көру – болашақтың тапсырмасы деп ойлаймыз, – дейді спикер.
Форумда Павлодар облысы әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйледі. Спикерлерден Ләззат Рамазанова түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары Одағы жанындағы Түркі мемлекеттерінің әйел кәсіпкерлері кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова «Қазақстандық әйелдің табыс тарихы» тақырыбында, «Lanzhou» фаст-фуд мейрамханалары желісінің негізін қалаушы және бас директоры Гүлбану Майгарина «Әйелдерге арналған бизнестің заманауи шешімдері» тақырыбында, «Атамекен» ӨКП жанындағы Павлодар облысы бойынша Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Махаббат Анаеваның «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбында, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, «Экодом Павлодар» компаниясының негізін қалаушы Марина Рейдина «ЭкоДом - жаңғырту мен ұлттық дәстүрлерді сақтау арқылы жасалған өнім!» тақырыбында, Екібастұз қаласынан келген «WOMENZONE» әйелдер клубының жетекшісі Динара Қасенова «Арманмен өмір сүру: әйелдер ынтымақтастығы арқылы өмір сүру» тақырыбында ой өрбітті.
– Форумда әйелдің жетістіктері мадақталады. Оған қатысып жатқан 150 әйел – мекеме қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, қоғамдық қайраткерлер. Астана, Алматы қаласынан іскер әйелдер келді. Ауылды елді-мекендерде тұрып жатқан әйел қауымдарына үлгі болып, демеу, алдағы мақсаттарына серпін береді деген ниеттемін. Спикерлер өмірдегі, бизнестегі тәжірибелерімен бөлісті. Қазіргі таңда, жетістіктеріміз – көп. Әйелдер бас қосып, жағымды эмоциялар алып, шабыттанады. Осындай тағылымдық форумдарда көрісіп, тәжірибе алмасып, сұхбаттасады, – дейді «Кенжекөл жастары» Жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Жұлдыз Қалдыбаева.
Расында да әйелдер қауымы отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ел дамуына үлес қосып, қоғамдық-саяси әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени салада табысты еңбек етіп жүр.
Сондай-ақ іс-шара барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі үшін өңіріміздің нәзік жандыларының 21 өкілі Алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, Достық үйінің кіреберісінде форумға қатысушылар үшін кофе-брейк ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұсынылды.