Өмірдің жаңа парағы: Павлодар әжелері зейнеттен кейін немен айналысады?
Мұнда жасы ұлғайса да, көңілі жас қалатын жандар жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Халықаралық қарттар күніне орай «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» өңірлік фестивалі өтті.
Фестивальді «Әділет» партиясының Павлодар облыстық филиалы ұйымдастырды. Қатысушылар үшін ашық кездесулер мен түрлі тақырыптық алаңдар ұйымдастырылды. Онда аға буынның өмірлік тәжірибесі, ұлттық дәстүрлер, шығармашылық және заманауи цифрлық технологиялар туралы сөз болды. Жастар аға буын өкілдерімен әңгімелесіп, олардың өмір жолымен танысып, пайдалы тәжірибе алды.
Облыстық мәслихат депутаты, «Әділет» партиясының облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанатының төрайымы Света Абдраманованың айтуынша, фестивальде үш буын өкілдері бас қосты.
– Мұндай кездесулер бір-бірімізді жақынырақ танып, әңгімелесуге және өмірлік тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік береді. Зейнетке шығу өмірдің аяқталғанын білдірмейді. Біздің ата-апаларымыз спортпен айналысады, шығармашылықпен шұғылданады, IT, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні меңгеріп жүр. Жастар үшін бұл аға буынның қызықты әңгімелерін тыңдап, тәжірибесінен үйренуге жақсы мүмкіндік. Партия жанында «Ардагерлерді ардақтайық» бағыты да бар. Ол ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған, – дейді Света Абдраманова.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мұнда пікірлес адамдардан құралған орта қалыптасып, жаңа үйірмелер мен бағыттар ашылды. Орталық келушілерге өзіне ұнайтын іспен айналысып, араласуға, жаңа нәрсе үйренуге және қоғамдық өмірден тыс қалмауға мүмкіндік береді.

Қазір орталықта тіл үйрену, шығармашылық және спорт бағыттарын қамтитын 17 клуб жұмыс істейді. Бірі шет тілдерін меңгерсе, енді бірі қолөнермен айналысады немесе спорттың жаңа түрлерін байқап көреді. Әркім өзіне ұнайтын бағытты таңдап, бұрын уақыт таппаған ісін қолға ала алады.
Орталық директоры Нұрсұлу Қайдарованың айтуынша, бүгінде мұнда 600-ден астам ата-әже тұрақты түрде келеді.
– Мен бұл жерге алғаш психолог болып келдім. Ол кезде келушілеріміздің арасында алаңдаушылық көп болатын, олармен біраз жұмыс істеуге тура келді. Қазір жағдай мүлде басқаша, қазір күш-қуаттары тасып тұр. Йога мен фитнес үйірмелерінде бос орын болмайды. Егер топ толық болса, скандинавиялық жүріспен айналысуды ұсынамыз. Қатысушылармен коучтар, жаттықтырушылар және басқа да мамандар жұмыс істеп, түрлі өмірлік жағдайларды еңсеруге көмектеседі, – дейді Нұрсұлу Қайдарова.
Орталықтың ең жас қатысушылары 60 жастан асса, ең үлкендерінің жасы 86-дан жоғары. Белсенді қатысушы Зайда Сағындықова зейнетке шыққан соң қолөнермен айналысып, қазақтың ұлттық әшекейлерін жасаймын деп ешқашан ойламағанын жасырмады.
– Бәрі бес әжеден басталды. Бір күні бас қосып, бірге жасап көрейік деп шештік. Сөйтіп, біздің клубымыз құрылды. Қазір түйреуіш, сырға, қазақтың ұлттық әшекейлерін жасаймыз. Қызықты материалдар іздеп, бір-бірімізден үйренеміз. Мен өмір бойы мұғалім болып жұмыс істедім. Қолөнермен шындап айналысамын деп ешқашан ойлаған емеспін. Бәлкім, бұл анамнан дарыған шығар. Ол өте шебер адам еді. Орталық бізге кабинет пен тігін машинасын ұсынды. Осы іс өмірімізге жаңашылдық енгізгендей болды. 75 жасымда құрбылар тауып, өзіме жаңа қызығушылық ашамын деп кім ойлаған? – дейді Зайда апа.


Киіз басу мен тоқу үйірмелеріне де келушілер көп. Бұл клуб орталық ашылған күннен бастап жұмыс істеп келеді және әлі күнге дейін ең танымал бағыттардың бірі. Үйірме жетекшісі, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Виктория Сұлтанованың айтуынша, көптеген қатысушы зейнетке шыққаннан кейін алғаш рет қолға ине мен жіп, киіз алған. Соған қарамастан, көпшілігі бұл істі тез меңгеріп кеткен.

– Киізбен жұмыс істеу өте қызық, бірақ бұл – көп еңбекті қажет ететін күрделі жұмыс. Ал тоқу – нағыз математика. Өйткені мұнда үнемі есеп керек. Бұл адамның сараптамалық ойлау қабілетін дамытады. Біз инемен құрғақ киіз басу әдісін де қолданамыз. Тоқу үйірмесіне 60-тан астам адам келеді, құрамы үнемі өзгеріп отырады. Киіз басу үйірмесінде 30-дан астам адам бар. Құрғақ киіз басуға көп уақыт кетеді, бірақ мұнда қатаң талап жоқ. Ең бастысы – көңіл-күймен айналысу мен араласу, – дейді Виктория Сұлтанова.

Үйірмеге қатысушылардың жасы 60-тан 86 жасқа дейін. Олардың барлығы дерлік қолөнерді нөлден бастап үйренген.
– Жаңа нәрсе бастауға ешқашан кеш емес. Алғашқы түйреуіш дайын болғанда, көпшілігі өз көзіне өзі сенбейді. Қарттар үйінде тегін шеберлік сабақтарын өткіземіз. Әшекейлер, гүлдер жасаймыз. Басында кейбіреулері қарсылық білдірген, ал бір жарым сағаттан кейін қолдарында киізден жасалған дайын бұйым алды. Бұл – ұзақ процесс, бірақ нәтижесі жағымды эмоция сыйлайды, – дейді Виктория Сұлтанова.
Фестиваль қонақтары үшін геронтолог дәрігермен кездесу де ерекше әсер қалдырды. Мамандар жасы ұлғайған кезде белсенділікті және танымдық қабілеттерді қалай сақтауға болатыны туралы айтып берді.

Геронтолог Замира Нұрпейісованың айтуынша, қартаю – табиғи процесс. Ал мамандардың міндеті – адамның өмір сапасын сақтауға көмектесу.
– Мен оларға қарапайым нәрсені жеткізгім келеді: жылдардың өтуі адамның мүмкіндігін шектемеуі керек. Бірақ көп нәрсе өмір салтына байланысты. Біз танымдық қабілеттерді сақтауға, аурулардың алдын алуға көмектесеміз. Сондай-ақ қажетсіз көп дәрі қабылдамауға мән береміз. Көбірек қозғалып, араласу, жаңа қызығушылықтар табу маңызды. Мұның бәрі есте сақтау мен ойлау қабілетін ұзақ уақыт сақтауға және өзін жақсы сезінуге ықпал етеді, – деді дәрігер.
Халықаралық стандарттарға сәйкес, 60 жастан асқан адам қарттар санатына жатады. Алайда фестивальдегі көңіл-күй бұл сан тек төлқұжаттар көрініс табатынын дәлелдегендей болды. Мұнда аға буын өкілдері спортпен айналысып, би билеп, цифрлық технологияларды меңгереді. Заманауи тредтерден қалмай, достар тауып жүр.
Фото: Ақмарал Есімханова