Өткен жылы Павлодар облысында тау-кен өндірісінде өнім шығару көлемі төмендеген
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы 0,4 пайызға өскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл турал облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген отырыста өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті.
- 2022 жылы облысымызда экономиканың өнеркәсіптен басқа барлық базалық салаларында оң көрсеткіштер тіркелді. 2022 жылы инфляция 20,1 пайызды құрады. Азық-түлік бағасы 25,6 пайызға өсті, - деді Ирина Назарчук.
Ал, өнеркәсіп саласында өткен жылы 3,2 трлн теңгенің өнімі шығарылған. Бұл 2021 жылғыдан 0,5 пайызға төмен.
Бұған тау-кен саласындағы өндіріс көлемі 662,1 млрд теңгені құрап, 2021 жылғыдан 1,9 пайызға төмендеуі себеп болған.
- Өткен жылы Бозшакөлде кен шығару мен мыс концентратын өндіру көлемі азайды. Сондай-ақ «Богатырь көмірде» көмір шығару көлемі де төмендеді, - деді Ирина Назарчук.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста өңдеу саласында 2,1 трлн теңгенің өнімі шығарылып, өсім 0,1 пайызды құраған. Бұның ішінде мұнай өңдеу 4,1 пайызға, дайын металл бұйымдарын шығару 1,3 пайызға, химиялық өнеркәсіп 9,4 пайызға өсті.
Аграрлық салада 2022 жылы облыста 474,7 млрд теңгенің өнімі шығарылып, өсім 0,8 пайызды құрады. Бұндағы өсім мал шаруашылығының қарқынды дамуы есебінен қамтылды.
- Ет өндіру 3,4 пайызға, сүт өндіру 2 пайызға өсті. Ал, жұмыртқа шығару көлемі 6,5 пайызға азайды. Өсімдік саласында көлем 0,3 пайызға төмендеді. Өткен жылы астық және көкөністің өнімділігі азайды, - деді Ирина Назарчук.
Сонымен қатар, өткен жылы облыстың экономикасына тартылған инвестиция көлемі өсіп, 698 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылғыдан 12,5 пайызға жоғары.
Облыс әкімі Асайын Байханов биыл барлық деңгейдегі әкімдіктерде бағалаудың басты көрсеткіші ол инвесторларды тарту болып саналатынын атап өтті.
- Әрбір әкім инвестицияларды өз өңіріне тарту керек. Ол жерде жаңа жұмыс орындар және бәсекелестік болған дұрыс. Инвесторлармен ай сайын кездесулер өткізіп, олардың тарапынан туындаған мәселелерді шешу жолын талқылауды тапсырамын, - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, биыл облыстың экономикасы 2022 жылға қарағанда 0,8 пайызға өседі деп жоспарлануда. Соның ішінде өткен жылы ақсап қалған өнеркәсіп саласында да өсім тіркеледі деп күтілуде.
Оразбек Саяхат
Фото: Константин Шелков