100-ге жуық баянауылдық жас туған өлкенің көркеюіне үлес қосуда

100-ге жуық баянауылдық жас туған өлкенің көркеюіне үлес қосуда
Фото: Мөлдір Дулат

Жастардың еңбек маусымы маусым айында басталып, тамыз айының соңына дейін жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды жұмыстар жалғасуда. Биылғы жазғы маусымда аудан бойынша 100-ге жуық мектеп оқушысы мен жас еңбек жасағының құрамында туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосып жатыр.

Жасақ мүшелері Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында және ауданның көрікті жерлерінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру мен көгалдандыру ісіне белсенді қатысуда. Осылайша олар табиғатты қорғауға атсалысып қана қоймай, өңірдің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да өз үлестерін қосып келеді.

Баянауыл ауданы білім бөлімінің әдіскері Мөлдір Дулаттың айтуынша, жастардың еңбек маусымы маусым айында басталып, тамыз айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында еңбек жасақтары өңірдің санитарлық тазалығын сақтауға, қоғамдық орындарды күтіп ұстауға белсенді қатысады.

–  «Жасыл ел» жобасы мен «Таза Қазақстан» акциясы жастар үшін табиғатты қорғау шарасы ғана емес, еңбекке баулитын маңызды мектепке айналып отыр. Жобаға қатысқан әрбір жас атқарған еңбегі үшін еңбекақы алып, жазғы демалыс кезінде алғашқы табысын табуға және қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік алды, – дейді Мөлдір Дулат. 

Мұндай бастамалар оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, еңбекке деген жауапкершілігін қалыптастыруға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және туған өлкеге деген сүйіспеншілігін нығайтуға ықпал етеді.