«103» мамандары Павлодар мешітінің қызметкерлеріне алғашқы көмек көрсетуді үйретті
Мешіт – адам көп жиналатын қасиетті орынның бірі. Сондықтан оның қызметкерлері дәрігерлер келгенге дейін зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсете білуі қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының орталық мешітінің қызметкерлеріне облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мамандары практикалық сабақ өткізді. Оқытуды мешіт қызметкерлерінің өздері ұйымдастыруды сұраған. Олар «103» қызметінің мамандарына төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуді үйретуді өтінген.
Сабақты кардиологиялық және реанимациялық бригадалардың дәрігерлері Сырым Құсайынов пен Әсет Жұмалинов өткізді. Мамандар қатысушыларға адам өміріне қауіп төндіретін жағдайды қалай анықтауға болатынын және жедел жәрдем келгенге дейін қандай әрекет жасау керектігін түсіндірді.
– Адамға шұғыл медициналық көмек қажет болса, ең бастысы – дүрбелеңге салынбау. Сабыр сақтап, дереу жедел жәрдем шақыру немесе біреуден шақыртуды өтіну қажет. Одан кейінгі әрекет жарақаттың немесе зардап шегушінің жағдайына байланысты болады, – деп түсіндірді Сырым Құсайынов.
Практикалық сабақ барысында жүрек-өкпе реанимациясына ерекше көңіл бөлінді. Қажетті дағдыларды пысықтау үшін медицина мамандары арнайы манекендер алып келіп, мешіт қызметкерлері оларға реанимациялық шараларды орындау тәсілдерін тәжірибе жүзінде үйренді.
Сонымен қатар, мамандар сынық, жарақат және күйік кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын, сондай-ақ медицина қызметкерлері келгенге дейін зардап шеккен адамға қандай көмек көрсетуге болатынын түсіндірді.