Білімге жол ашық: Павлодарда әлеуметтік санаттағы жастарға грант ұсынылуда

Білімге жол ашық: Павлодарда әлеуметтік санаттағы жастарға грант ұсынылуда
Константин Шелковтың фотосы

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры білім грантын бөлді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда білім алуға мүмкіндігі шектеулі жастар үшін жағымды жаңалық. 2025 жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры республика бойынша 500 грант бөлсе, соның 14-і Павлодар қаласының Торайғыров университетіне тесілі.  Бұл бастама – жасы 29-ға дейінгі (қоса алғанда) ауылдық жерлер мен моноқалалардан шыққан аз қамтылған отбасылардың балалары, ата-анасынан айырылған жетімдер, мүгедектігі бар жастар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың балалары және оқиға кезінде жарақат алған жастарға сапалы білім алуға нақты мүмкіндік.

– Бұл грант –жастар үшін үлкен қолдау. Комиссия іріктеп, қор шешімімен үздік талапкерлерге тегін оқу мүмкіндігі беріледі. Грант иегерлері төрт жыл бойы тегін оқып, стипендия да алады, – дейді Торайғыров университетінің қабылдау комиссиясының әдіскері  Жамал Тілемісова.

Грантқа үміткерлер университетке келіп, арнайы өтініш формасын толтырады, өзінің санатқа сәйкестігін көрсетеді, растайтын құжаттардың көшірмесін тапсырады, қай бағдарламаға және қандай жолмен (ҰБТ немесе колледжден кейін сұхбат арқылы) түсіп жатқанын көрсетеді.

– Құжаттар арнайы қабылдау комиссиясымен расталып, кейін «Қазақстан халқына» қорына жіберіледі. Қор сарапшылары іріктеу жүргізіп, тек 14 үздік үміткерге грант бөледі, – дейді Жамал Тілемісова.

Грант бұрын жоғары білім алғандар, мемлекеттік білім гранты иегерлері, екінші жоғары білім алуға ниеттілер, онлайн оқуға түскендерге берілмейді. 

Өтініштер 1–17 тамыз аралығында қабылданады.