700 мың адамды қамтыған «Заң мен тәртіп»: Павлодарда қандай жұмыстар атқарылды?
Негізгі назар жастардың құқықтық сауатын арттыруға, интернет-алаяқтық, буллинг, сталкинг және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету бағытындағы жұмыстар жыл бойы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, облыстық құқық қорғау жүйесімен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобалық офис аясында жыл бойы кешенді жұмыстар атқарылуда. Әр апта сайын негізгі бағыттарды қамтитын іс-шаралардың желілік кестесі бекітіліп, соған сәйкес профилактикалық және ақпараттық жұмыстар ұйымдастырылады.
– 2026 жылға «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету бойынша екі мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінде облыстың барлық қалалары мен аудандарында 1600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, олармен шамамен 700 мың адам қамтылды, – деді Жаннұр Ахметжанова.
Жыл басынан бері жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Соның бірі – Павлодар қаласында ұйымдастырылған «Волонтер. Заң. Тәртіп. Болашақ» облыстық жастар форумы. Іс-шараға бес мыңға жуық жас қатысып, өңірдің белсенді жастары «Заң мен тәртіп» идеологиясының амбассадорлары ретінде салтанатты түрде ант қабылдады.
Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында облыстық нашақорлыққа қарсы форум, түрлі диалог алаңдары, қаржылық сауаттылық сессиялары, профилактикалық экскурсиялар ұйымдастырылған.
– Сондай-ақ «Стоп сталкинг» өңірлік форум-диалогы, «Заң vs Әділдік» диалог алаңдары және «Заң. Тәртіп. Болашақ» форумы өткізілді. Қала мен аудан орталықтарында тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған акциялар да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді, – деді бөлім басшысы.
Павлодар облысының барлық қалалары мен аудандарында «ЗАҢ.LAB» атты көшпелі құқықтық лаборатория акциясы ұйымдастырылған. Оның аясында құқық бұзушылықтың алдын алу, интернет-алаяқтықтан қорғану және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру бойынша практикалық интерактивтер өткізілген.
Сонымен қатар, психологтардың қатысуымен жас отбасыларға арналған ашық консультациялар ұйымдастырылып, отбасы ішіндегі қарым-қатынас, жауапкершілік және қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңестер берілді.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жастарды жұмыспен қамту жобаларында да жалғасын тапты. Атап айтқанда, биылғы «Жасыл ел – 2026» еңбек маусымының жұмыс бағыттарының бірі жастар арасында құқықтық мәдениетті дамытуға арналған.
– Биыл Павлодар облысында алғаш рет облыстық деңгейде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған кешенді жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында әлеуметтік қауіпсіздіктің бірқатар маңызды бағыты қамтылған. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу, буллинг пен сталкингке қарсы тұру, құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бар, – дейді Жаннұр Ахметжанова.
Сондай-ақ облыстың барлық қалалары, аудандары мен жоғары оқу орындарының жастарын қамтыған «Тәртіпті азамат» оқыту тимбилдингі өткізілді. Оның негізгі мақсаты – жастар арасында заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық тәртіп құндылықтарын нығайту.
Тұрғындар арасында «Заң мен тәртіп» идеологиясын кеңінен насихаттау үшін визуалды коммуникация құралдары да енгізілуде. Осы мақсатта құқықтық мәдениет пен тәртіп құндылықтарын жастарға түсінікті әрі тартымды форматта жеткізетін «Тәртіпбек» арнайы маскоты әзірленді.
Павлодар облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстар желтоқсан айында қорытындыланады. Жыл қорытындысы ретінде «Заң.Kz» форумы өткізіліп, онда құқықтық және құқық қорғау саласындағы негізгі нәтижелер сараланады. Сонымен қатар, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалып, өңірдегі құқықтық мәдениетті одан әрі арттырудың жаңа бағыттары талқыланбақ.